Теміртауда ішіп алған тәрбиеші балабақшада балаларға күш көрсеткен

"Айгөлек" мемлекеттік балабақшасында орын алған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілуде.

Теміртауда тәрбиеші мас күйде балабақшаға келіп, балаларға агрессивті қарым-қатынас жасаған, – деп жазады Aikyn.kz.

"Тәрбиеші жұмыстан уақытша шеттетілді. Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша жауапты тұлғаларға, жұмыстан шығару шараларына дейін, объективті шешімдер қабылданады", – деп хабарлады Теміртау қаласының білім бөлімі.

30 қыркүйек күні полицияға анонимді қоңырау түсіп, тәрбиешінің балабақшада балаларға дөрекі әрекет етіп, мас күйде жүргені туралы хабарланған. Полицейлер шақырту бойынша келіп, тәрбиешіні медициналық сараптамаға алып кеткен.

"Ол балалардың қолдарынан тартып, пижамаларын лақтырып жіберген. Видеода полиция қызметкерлерінің ғимаратқа кіріп, оны алып шыққаны түсірілген. Алайда ата-аналарға бұл видеожазбаның дәл осы бөлігін көшіруге рұқсат бермеді", – деп хабарлады жергілікті басылым.