Түрмеде денсаулық та, мінез де құриды: танымал ән авторы шығармашылыққа оралып жатыр

Бұл туралы әнші "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Кезінде хит болған "Аппақ қар" хитінің әні мен сөзін жазған Байділдә Әбділдаев шығармашылықтан неге алыстап кеткенін айтып, сұхбат берді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

"Астарлы ақиқат" бағдарламасында берген сұхбатында өнер иесі қайта ән жазып бастағанын айтты. Алайда елімізде өнер адамдарына тиісті көңіл бөлінбейтінін жеткізді. 

"Аппақ қар" әнінің авторымын. Өнер жолында табыс табу кішкене қиын. Бала-шаға асырау керек. Осылай жұмысқа алып кетеді. Бағасына келісесің. Екі адам болса, 30 мыңды 15 мыңнан бөліп аласың",  деген ол жалданып жұмыс істейтін өмірі туралы баяндап берді. 

Байділдә Әбділдаев түрмеге отырып шыққанын, одан кейін өмірі де, өзі де қатты өзгергенін   жасырмады. 

"Ресейде екі әні хит болса, сарай соқтырып алады екен. Гонорар көп төленеді. Ал бізде жағдай осы. Үкімет ән авторларына бюджеттен жәрдемақы бөлсе деймін, болмаса бұрынғыдай мәдениет үйінде жақсы ақша төлесе дейсің. Сонда бәрі өнерде жүретін еді. 2016 жылы  Үкімет заң шығарып, 2018 жылы түрмеге түстім. Бір жыл түрмеде отырып, екі жыл бақылауда болдым. Түрмені түзеу мекемесі дейді ғой, меніңше, түрме адамды бұзады. Сол жақта денсаулық құриды, мінез де құриды екен. Бұзық достарым да көбейді. Енді оларды араласпай тастап кетпейсің ғой. Қазір шығармашылықты қайта қолға алып жатырмын. Жақында ТikTok желісінде "Ғашық бол" деген жаңа әнім хит болды",  деді ол сұхбатында.