Осымен референдум да аяқталды. «Бақылау қырандары» тәуелсіз байқаушылар ұйымы жалпы алғанда оған қазірдің өзінде оң баға беруге болатынын айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Біз бір ай бойы жұмыс істедік. «Бақылау қырандары» қозғалысын құрып, бақылаушыларды оқыттық. Бүгін бақылаушыларымыз 10 аймақта бақылаушылық атқарды. Қазір қыз-жігіттердің бәрі учаскелерден шығып, үйлеріне қайтты. Түсінемін. Шаршады, шалдықты. Алайда азаматтық борышына адал болды. Барлығыңызға көп рақмет. Қолдаған жандарға, бақылаушыларға. Бәріне, бәріне алғыс! Осы мақсатты абыроймен атқардық деп сенемін. Біздің жұмысқа қатысты ертең толық, нақты ақпарат беретін боламыз. Жариялап, қорытындылаймыз, – дейді топ жетекшісі Нұрболат Нышанбай.
Осыдан біраз уақыт бұрын саясаттанушы Нұрболат Нышанбай «Бақылау қырандары» атты тәуелсіз бақылаушылар тобын жасақтап еді. Енді міне, ұйым референдумға қатысып, өз жұмысын аяқтап отыр.
Айта кеткен жөн, AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институтының exit-poll мәліметтері бойынша, азаматтардың 72,3%-ы атом электр стансасын салуды қолдайды, 27,7%-ы қарсы.