Бағдат Ізмағанбет: АЭС құрылысын елдің басым көпшілігі қолдап отыр

«Ақ жол» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бағдат Ізмағанбет кешегі референдумда АЭС құрылысына қатысты елдің азаматтық позициясын анықтағанын айтты.

– Бүгін еліміз тарихи сәтті бастан өткеріп, референдумда АЭС құрылысына қатысты азаматтық позициясын анықтады.  Маңызды оқиғаға елдегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың шамамен 63,87%-ы қатысты. Алдын ала деректерге сәйкес, референдумға қатысушының 69,8%-ы Қазақстанда атом электр стансасын салуды қолдады, ал 30,2%-ы қарсы болды. Экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында батысқазақстандықтардың да белсенділігін атап өткен жөн.

Дауыс беруге қатысу көрсеткіші мен қолдаушылардың басым бөлігі референдумның АЭС құрылысына оң көзқарасты көрсетті. Енді бұл нәтижеге сәйкес, Үкімет атом электр стансасын салу бойынша нақты қадамдар жасайды.

Экономикалық тұрғыдан, АЭС құрылысы Қазақстан үшін энергетикалық тәуелсіздікті нығайтып, энергияның экологиялық таза көздерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл елдің энергияны импорттауға деген қажеттілігін азайтып, ұзақмерзімді перспективада тұрақты экономикалық өсімге ықпал етеді, – дейді Бағдат Ізмағанбет.

Оның айтуынша, ендігі мәселе  – АЭС салу барысында қауіпсіздік стандарттарының қатаң сақталуы. 

– Бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін экологиялық және радиациялық қауіптердің алдын алуға көмектеседі. Ендігі кезекте құрылысты сапалы жүргізіп, бөлінетін қаржыны дұрыс игеру жағын мемлекет жіті қадағалау қажет деп есептеймін, – деді ол.