АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб: Халық қуатты және гүлденген Қазақстан үшін дауыс берді

Мәжіліс Төрағасы референдум қорытындысы қоғамдағы көңіл күйдің нақты көрінісі екенін айтады.

Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз пікірін айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

–  Бүгін Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сәйкес, сайлаушылардың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Exit poll қорытындысы да осыған жақын нәтиже көрсетті.

Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі.

Депутаттар үнемі өңірлерді аралап жүр. Біз қоғамдық сана өзгеріп, жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Тұрғындар кез келген тақырып бойынша өз ұстанымын ашық айтып, оны барлық деңгейде батыл қорғауда. Бұл – Президенттің Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саяси реформалар бағдарының басты нәтижесі.

 

Референдум қорытындысы – қоғамдағы көңіл күйдің нақты көрінісі. Халықтық штаб барлық өңірге барып, мыңдаған кездесу өткізді. Соның барысында жалпы қоғам ел болашағы үшін АЭС салудың маңызын түсініп отырғанына көз жеткізді. Кәсіпкерлер, шаруалар, кеншілер, жұмысшылар, жастар, мұғалімдер, дәрігерлер және басқалар да экономикасы дамыған елде өмір сүргісі келеді. Олардың барлығы мұның кілті энергетикалық тәуелсіздік екенін және бұл үшін АЭС салу қажет екенін жақсы түсінеді.

Бейбіт атом – инновациялық тұрғыда сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл – ғылымда, техникада, өндірісте, ауыл шаруашылығында және өзге де көптеген салада көкжиегімізді кеңейтетін әлемдік тренд.

Осылайша, халық өз таңдауын жасады. Барша қазақстандықты еліміздің жаңа тарихында ерекше болатын осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын.

Халықтық штабтың барлық мүшелеріне – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен қауымдастықтардың өкілдеріне алғыс айтқым келеді. Сіздер азаматтарымыздың игілігі үшін аса маңызды істер атқардыңыздар! деді Мәжіліс Төрағасы Е.Қошанов.