Бүгін АЭС салуды қолдау бойынша Халықтық штабтың белсенділері АЭС құрылысын қолдау науқаны аясында жапсырылған үгіт баспа материалдарын жинау бойынша ауқымды акцияны бастады. Бір ай ішінде бүкіл ел бойынша Халықтық штаб еріктілері шамамен 1,5 миллион плакат жапсырған болатын. Енді бүгін қалалар мен елді мекендерді тазартатын уақыт та келіп жетті.
Үгіт плакаттарын тазалау акциясы «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» ауқымды акциясы аясында өтуде.
«Біздің еріктілер ақпараттық науқанға белсене қатысып қана қоймай, қазір де дәл осындай ыждахаттылықпен қалалардың тазалығына қамқорлық жасауда. Біз бұл акцияны елдегі экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен ұштастырамыз. Бүгінде осылайша қалаларымыз бен ауылдарымызда экологиялық тепе-теңдікті сақтауға өз үлесімізді қосудамыз», - деді «Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.
Биылғы жылдың маусымынан бастап еріктілер 80-нен астам су объектілерін, соның ішінде өзен-көлдер мен жағалау аймақтарын тазартты. Жалпы, бүкіл ел бойынша акцияда 7 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 50 мыңға жуық адам қатысты.
Айта кетейік, үгіт материалдарын жинау бастамасы жастардың қоғамдық жобаларды қолдауға деген ұмтылысын, олардың Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы белсенді рөлін көрсетеді.