Бүгін Орталық сайлау комиссиясы АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазақстандықтар өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты стратегиялық шешімді демократиялық жолмен қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ОСК жариялаған алдын ала мәліметке сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы аталған мәселені қолдап, дауыс бергені белгілі болды.
– Осылайша, қазақстандықтар өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты стратегиялық шешімді демократиялық жолмен қабылдады.Бұл оқиға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы бағдарын халықтың қолдайтынын тағы бір көрсетіп берді.
Сондай-ақ референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жасалған кезекті нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз. Ал оған азаматтардың белсенді қатысуы елімізде жаңа саяси мәдениеттің орныға түскенін білдіреді, – деді Мәулен Әшімбаев.
– Жалпы, атом электр стансасы – тұрақты және таза қуат көзі. Бұл энергия тапшылығын азайту және экономикалық даму жолында айрықша маңызға ие. Сондықтан осы референдум және халық қабылдаған шешім елімізді жаңа белеске шығарады деп сенеміз, – деп атап өтті Сенат Төрағасы.