Стратегиялық әріптестік туралы келісім қаралады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 10 қазан күні өтетін палата отырысының күн тәртібін бекітті және Сенаттың іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы міндеттерді талқылады.

Сенат Төрағасы өз сөзінде елімізде өткен АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдумның қорытындысына тоқталып өтті.

Мәулен Әшімбаев референдумға қазақстандықтардың белсенді қатысқанын тілге тиек етіп, бұл азаматтардың Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы барлық бастамасын қолдайтынын тағы да бір көрсетіп бергенін айтты. Сондай-ақ ол ел Президентінің референдум өткізу туралы шешімі мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды қадам екеніне назар аударды.

Сонымен қатар бюро отырысында 8-9 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXII отырысы мен І Жас діни лидерлердің форумына дайындық барысы пысықталды. Аталған іс-шараларға 19 елден келген 30 делегация өкілдері қатысады.

Бюро мүшелері осы аптада өтетін палата отырысының да күн тәртібін талқылады. Өткен аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Қо­жаев Сенат депутаты болып тағайындалған еді. Осыған байланысты жалпы отырыста ант беру, тұрақты комитетке мүше етіп сайлау сияқты ұйым­дастыру мәселелері қаралады.

Бұдан басқа, Сенат отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң шығарылды.

Аталған заң нормалары екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.