"Кеудесіне соққы жасаған": Қызылорда облысында мектеп оқушысының жүрегі тоқтап, қайтыс болды

Сотталушы Қ. бұл әрекетті жалғастырып, оқушыларды ұрып келе жатып, жәбірленуші А.-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір рет қатты соққы жасаған.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған сотталушылар Қ. мен Ж.-ға қатысты (ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі  ("денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру"), 293-бабы 2-бөлігі 1) тармағы  ("бұзақылық")  бойынша қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Шиелі ауданы Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге әңгіме арасында төменгі сыныпта оқитын 9-сынып оқушылары өздерімен амандаспай, сыйламаушылық танытып жүргенін алға тартып, оларды тәртіпке келтіру үшін ауыл шетіне жиналған.
 
Сотталушы Ж. бір қатарда тұрған 9-сыныптың оқушыларын беттерінен бір реттен ұрып шыққан.
 
Сотталушы Қ. бұл әрекетті жалғастырып, оқушыларды ұрып келе жатып, жәбірленуші А.-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір рет қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жүрегінің рефлекторлы тоқтауына әкеліп, ауыр дене жарақатының салдарынан ол қайтыс болған.
 
Сотталушы Қ. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
Сотталушы Ж. өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
 
Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге «кеуденің жабық жарақатынан жүректің рефлекторлы тоқтауы, жедел жүрек-қан тамыр қызметінің жетіспеушілігі» ауыр дәрежелі дене жарақаты келгені анықталған.
 
Сот үкімі бойынша:
Кәмелетке толмаған сотталушы Қ.  ҚК-нің 106-бабы  3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы  тағайындалды.
Сонымен қатар сотталушылар Қ. мен Ж. ҚК-нің 293-бабы  2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оларға қатысты қылмыстық істің осы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.