«Қызыл дельфиннен» қызық іздеме

Интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Өйткені жұмысымыздан бастап, күнделікті хат-хабар алмасуымыз, еліміз бен әлемдегі жаңалықтармен танысуымыз, бос уақытты өткізуіміз барлығы осы ғаламдық желі арқылы жүзеге асып жатыр.

Арамызда ғаламтордағы түрлі ойынға қызығушылық танытатындар да аз емес. Бұл санатқа көбінесе балалар мен жасөспірімдер жатады. Алайда сол ойындардың жастардың кейбірін суицидке итермелеп жатқаны жан ауыртады. 

Бүгінде жаһандық желінің түкпір-түкпірінде жа­сы­ры­­нып жатқан қауіп көп. Оған бір­неше жыл бұрын ТМД елдерін шу­латқан, көптеген қайғылы жағ­дайға алып келген «Көк кит» ойы­ны айқын дәлел бола алады. 

«2015 жылы әлеуметтік желі ар­қылы тараған «Көк кит» ойы­ны­нан Ресейде 100-ден аса жа­сөс­пірім өз-өзіне қол жұмсаған» дей­ді ғаламтор ақпараты. Әлеу­мет­тік желілерде күні-түні он­лайн «отыратын» ойынның жүр­гізу­шілері, яғни кураторлар әр ба­ланы зерттеп, көбінесе ұяң, мо­мын немесе күйзелісте жүрген жа­сөспірімді құрығына түсіреді. Ойын бірнеше кезеңнен тұрады. Ба­лаларды үркітіп алмас үшін бас­тапқы тапсырмалар оңай бо­лып, кейіннен келесі кезеңге өт­кен сайын тапсырмалар қиын­дай түседі. Ал ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын жас жеткіншектер олардың ар­бауы­на түсіп, тапсырмаларды бұл­жытпай орындап, ақыры көп­қа­батты үйлердің шатырынан се­кіру, тамырын кесу секілді түрлі жол­мен суицид әрекетіне барып жа­тады. Бұған ойын жасындағы ба­ланың әлі де ақ-қараны, өлім мен өмірді ажырата алмай, ойын­ның әлемін өміріне алып келуі се­беп болуда. 

Алайда бір қуанарлығы, атал­ған ойын тараған елдердегі құ­зыр­лы органдардың жіті арала­суы­ның арқасында оны ұйым­­­­дастыру­шы­лар тобы қолға түсіп, жасөспірім­дерді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгені үшін жазаға тартылды. Бірақ бұл бағыттағы оқиғалардың көп болғаны соншалықты, оларға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, сот алдына алып бару мүм­кін болмады. Нәтижесінде, ара­ға уақыт салып, тонын теріс ай­налдырған «Көк кит» «Қызыл де­льфин» атауымен қайта орал­ды. Қазір бірнеше баланың миын улап үлгерген бұл ойын оқушы­лар­дың оқыс өліміне себеп бо­лып, халықты қайта дүрліктіріп отыр. Бүгінде балалар арасындағы ең танымал ермекке айналған ойынның қатысушысы ата-ана­сынан қашып, оларды алдау­сы­ра­тып, жасырынып, біржола құ­тылу үшін өзіне берілген барлық тап­сырманы орындайды. 

Бейресми мәліметтерге сүйен­­сек, өтінім берген же­т­кін­шек­тер өзінің ойынға қатысу се­бебін бейнежазба арқылы тү­сін­діруі қажет екен. Болжам бойын­ша, мұндай механизм кейін балаға қоқан-лоқы көрсету үшін сұра­ла­тын көрінеді. Содан соң ойын­шыларға 20 тапсырма орын­дау мін­деттеледі. Олардың ара­сында қару, есірткі және жарылғыш заттар дайындау, ескерткіштерді қирату, белгілі бір нысанға өрт қою, жарылыс ұйымдастыру се­кіл­ді түрлі заңға қайшы әрекеттер де бар. Егер қатысушы тапсыр­маны орындаудан бас тартқан жағ­дайда отбасына, туыстарына зиян келетіні жайлы айбат көрсе­тіледі екен.

Осылайша, ұялы телефо­нын жанынан бір елі тас­тамайтын, ғаламтордағы күмәнді сіл­темелерді қызық үшін басатын жет­кіншектер «Қызыл дельфин­нің» қанды тырнағына ілігіп жа­тыр. Мәселен, жуырда Алматы қа­ласында 7-сынып оқитын екі қыз шатырдан секіріп ажал құш­ты. Араға көп уақыт салмай 12 жа­сар тағы бір оқушы өзіне қол сал­ды. Оқиғаның болуына оқу­шы­лардың сабақ уақытында сырт­та жүруі, шатырға шығатын есік­тердің ашық болуы деген сияқ­ты жайттар анықталған. Түп­теп келгенде, қадағаның бол­мауы, сақтық шаралардың қатаң сақ­талмауынының нәтижесі – қай­ғылы жағдайларға себеп бол­ған.

Бұл жағдайларға «Қызыл дель­финнің» тікелей қа­ты­сы бар-жоғы әлі нақты дәлел­ден­ген жоқ. Десек те, ойыннан қауіп­теніп жат­қандардың да кү­дігі орынды сияқты. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі ар­найы мәлімдеме жасап, ата-ана­ларға сақтық ша­раларын ұсын­ды. Онда баланы өмі­рінің түр­лі кезеңдерінде он­лайн кеңіс­тік­те қалай қорғау ке­рек­тігі ту­ралы ұсынымдар кел­тіріл­ген. Со­­дан кейін әлеуметтік же­лі қол­­­данушылары аталған ойын­дар мен боттарды өз бала­сы­ның, іні-қарындасының теле­фо­нынан тауып алып, өшіргені жай­лы, оның қаупі туралы жап­пай айта бастады. Демек, «Қызыл дельфиннен» көпшіліктің үркуі бекер емес.

Мамандардың айтуынша, ойын­дар мен платформаларды, сайттарды қадағалау – өте күрделі жұмыс. Ал кейбір нақты бөлігін то­лық бақылауға алу мүлдем мүм­кін емес. Өйткені ойынға қы­зық­қан бала кейбір платформалардың 18 жасқа дейін шектеу қойғанына қарамастан, оны айналып өтудің жо­лын тауып алады. Мәселен, жет­кіншек бұл ойындарға ата-ана­сының телефоны арқылы не­ме­се туған жылын жалған көр­сету жолымен оп-оңай қатыса алады. 

Бұл ретте психологтер бала­ның үйден тыс уақытта не істеп жүр­генін, кіммен сөйлесетінін қа­да­ғалау қажеттігін айтады. Мы­салы, психолог Бибігүл Сай­лау­хан­қызы қазақтың «Қызым үйде, қы­лығы түзде» деген мақалдың жаны бар екенін, сондықтан ақ­па­раттық шабуыл күшейген, кез келген ресурсқа оңай қол жеткізу мүмкіндігі бар қазіргідей заманда қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін барынша қырағылық та­нытудың маңызы зор екенін ай­тады.

– Суицид – көпқырлы мәсе­ле. Оның нақты бір себебін басып ай­ту мүмкін емес. Десек те, өзін-өзі өлімге қию, оған өз еркімен, саналы түрде бару эмоционалды күй­з­еліспен түсіндіріледі. Ондай ойын­дарды ойнайтын балаларда көбіне өзін жалғыз, сенімсіз се­зіну, оқшауланып жүру, ішкі қиын­­дықтары бар балалар ой­най­ды. Бұған ең әуелі ата-ананың ба­лаға жеткілікті деңгейде көңіл бөл­меуі себеп болады. 

– Біздің қоғамда ата-аналар ба­лаларымен ашылып сөй­лес­пей­ді, көңіл аудармайды. Алайда сол нәрсе баланың ішкі күйіне, эмо­ционалдық фонына әсер ете бас­тайды. Осылайша, балада жал­ғыз­сырау пайда болады.Сондай-ақ бұл санатқа жататын балалар­дың біршамасы – үйде дест­­­­­­­рук­­тивті тәрбие алғандар. Яғни, әке-ше­ше­сі айқайлау, ұрысу, физикалық, эмоционалдық және моральдық тұр­ғыда жазалау сияқты жол­дар­мен тәрбие беретін жанұяда өс­кен­дер. Осындай тәрбие алған ба­­­лалар «Қызыл дельфин» сияқ­ты ойындарға қатысуы арқылы өзінің жанын түсінетін ортасын тапқандай болады. Сол ойындар ар­қылы миындағы мақсатын жү­зеге асырғысы келеді. Яғни, ойын арқылы, сондағы тапсырмаларды орындау арқылы, жетістікке жету арқылы өзін мықтырақ, сенім­ді­рек және де бір нәрсеге жарайты­нын сезінеді. Бірақ оның түпкі себебінде өзіне деген сенімсіздік пен балалық травмалары жатыр. Сон­дықтан ата-ана баланың эмо­цио­налды күйін бірқалыпты ұс­тап тұруы керек. Баламен бітпей­тін қысым мен айқай-шудан гөрі ашық әңгіме құрып, тыңдауға, түсінуге тырысу қажет. Тым қатты қа­дағалау немесе мүлдем қарау­сыз қалдыру да дұрыс емес. Қа­жет­ті мөлшерде қарамағына алу дұ­рыс. Дегенін жасайтын бала қан­дай жағдай болса да жолын тауып кетеді. Қайғылы жағ­дай­лар­дың, қолайсыздықтардың ал­дын алу үшін де баламен құра­ла­тын диалог, ашық әңгіме, тү­сін­діру жұмыстарының жүргізілуі өте маңызды, – дейді маман.

Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасының Құқықтық ста­тистика және арнайы есеп ко­митетінің мәліметтері бойын­ша, 2024 жылдың қаңтар-шілде айла­рында елдегі суицид оқи­ға­лары­ның саны 2,1 мыңға жуық­таған. 

Жамбыл облысы да бұл көр­­­­­сеткіш бойынша ал­дыңғы қатарда. Бұрнағы кезі об­лыстық Полиция департаменті мен Білім басқармасы беретін ақа­парат бүгінде өңірлік Про­куратураның жіті бақылауында тұр. Аталған құрылымның баспа­сөз қызметіне хабарласып, суи­цид деректері туралы ақпарат алу­ға тырысқанымызбен нақты жауап берілмеді. Десе де, күні ке­ше Тараз қалалық әкімдікте өт­кен жиында қалалық білім бө­ліміне 2008 жылы туылған А. есім­ді жасөспірімнің бұған дейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ха­­барланбағаны үшін №35 мек­теп­тің директоры қызметінен бо­са­тылғаны туралы айтылды. Ал мең­герушісіне қатаң сөгіс бері­ліп, мектеп психологі жұмыстан шы­ғарылған. Дәл сондай 2008 жы­лы туылған А. есімді оқу­шы­ның жалға алынған пәтерде, ма­саң күйде 2-қабаттан құлап, өз-өзіне қол жұмсауы әкімдік жа­­­­­­­нындағы комиссияда қарал­ған. Сондай-ақ 2006 жылы туыл­ған М. есімді жасөспірімнің суи­цид туралы хат жазып, үйден шы­­ғып кеткен дерегі бойынша да тек­серіс жүргізілген.

Әрине, бұл деректердің қай­сы­сына «Қызыл дельфиннің» не­­­­месе осы сарындағы ойын­дар­дың қатысы бар екені белгісіз. Алайда мектеп оқушылары ара­сында суицидке бару деректері болып жатқаны айғақталып тұр. 

Жамбыл облыстық Білім бас­қармасына хабарласқаны­мыз­да олар да жастар арасындағы суи­цид деректері туралы көп нәрсені ашып айтпады. Тек осы оқу жы­лы­нан бастап «Облыстық пси­хо­логиялық қолдау орталығы» ашыл­­ғанынан құлағдар етті. Атал­­ған орталық оқушылар мен ата-аналарға, сондай-ақ педа­гог­тердің өздеріне де кәсіби пси­хо­ло­гиялық көмек көрсетеді екен. Сондай-ақ мектептерде Komek, «Бестерек» сынды жобалар іске қо­сылып, «109» сенім телефоны іс­ке қосылған. Осыған қарап оты­рып, білім саласына жауапты ма­мандарды мектеп оқушылары ара­сындағы суицид деректері алаң­датып отырғанын аңғару қиын емес.

Сондықтан сіз бен бізге бо­ла­шағынан үміт күтіп, қы­­зығын көремін деп отырған бал­аларымыздың ажал апанына айдап апаратын арандатушы­лар­дан аулақ болуы үшін жеткін­шек­пен пікір алмасу, оның ойын тың­­­­­­дауға ден қойып, қадағалау жұ­мыс­тарын күшейту қажет. Түп­теп келгенде, бала біздің бола­ша­ғымыз екенін ұмытпаған жөн.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы