Қайғыдан қаламы құтқарған

Оңтүстіккореялық жазушы Хан Ган «тарих салған жарақатқа қарсы тұруға үндеп, адамзат ғұмырының нәзік қырларын ашатын поэтикалық прозасы үшін» биыл әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ие болды. 53 жастағы Хан Ган – осы сыйлықпен марапатталған тұңғыш оңтүстіккореялық қаламгер, сондай-ақ бүгінге дейінгі 121 Нобель лауреаты ішіндегі 18-ші әйел.

Хан Ган өзінің ең таны­мал романы «Ет жемей­тін әйел» (Корея­да 2007 жылы жа­рыққа шыққан, ал ағылшын ті­ліне 2015 жылы аударылған) туын­дысы үшін 2016 жылы Ха­лықаралық Booker сыйлығын ие­ленген. Айт­пақ­шы, бұл сый­лық Хан Ган мен оның ауда­р­ма­шы­сы Дебора Смит арасында бө­лінген. Сол уақытта Смиттің ау­дармасына біраз жұрт дәлдік жа­ғынан көңілі толмай, қоғамда қызу пікірталас туған еді. Бірақ әдеби аударманың шығар­ма­шы­лық акт ретіндегі әдемілігі де сонда емес пе: бұл – сөзбе-сөз жет­­кізуден гөрі көбіне қиял тұр­ғы­сынан жүзеге асатын жұмыс бол­ғандықтан, Хан Ган аударма­шы­­сын ақтап алып шықты.

Бүгінде Хан Ганның алты туын­­дысы ағылшын тіліне ауда­р­ыл­ған. «Ет жемейтін әйел» оны әлем­­ге танытқан еңбек болды. Одан соң автордың қаламынан «Адам табиғаты», «Ақ кітап», «Еу­­ро­па» және «Грек тілі сабағы» шы­ғармалары туады. «Айығу» ат­ты қысқа әңгімесі 2013 жылы екі тілде жарық көреді.

1948-1949 жылдардағы Чед­жу­­дағы көтерілісті зерттеген қалам­гер жайлы жазған «Біз ай­ыр­ылыспаймыз» атты ақырғы романы 2025 жылы оқырманға жол тартады.

«Ет жемейтін әйел» – күн­де­лікті әдетке айналған қатыгез­дік жайлы көңілсіз хикая. Онда бір күні еттен бас тартуды шеш­кен қа­рапайым әйел Йонг-Хэнің уа­қиғасы баяндалады. Кітаптың әр бөлімі әртүрлі кейіпкердің – Йонг-Хэнің күйеуінің, әпкесінің жә­не енесінің атынан әңгіме­ле­неді. Осылайша, автор әлгі әйел­дің дәстүрлі нормадан бас тар­туын оның отбасы қалай қа­был­дағанын тереңірек түсінуге мүмкіндік бе­реді. Бірте-бірте сол шешімі – зор­лық-зомбылықтың, түсі­ніс­пеушіліктің және психоло­гия­лық қы­сымның көзіне, ал Йонг-Хэ­нің өзі қорқыныш пен агрес­сия­ның нысанына айнала­ды. Әйел­дің отбасы оның денсау­лығына алаң­дайтынын айтқан­мен, шын мә­нінде оларды Йонг­-­Хэн­ің өз­де­ріне бағынба­ғаны ашулан­ды­ра­ды. Ақыр аяғында, өзін өсім­дік санаған ол күн сәулесі мен судан басқа барлық қоректен бас тартады.

Нобельді тағайындайтын Швед академиясы «Хан­ның шарасыз жағдайдағы кейіп­кер­лері­не, әсіресе әйел­дер­ге де­ген сұмдық эмпатиясын» ерек­ше атап өтті. 

«Грек тілі сабағы» шығармасы ана­сы мен ұлынан айырылып, сөй­леу қабілетін жоғалтқан әйел мен шаңырағынан қол үзген со­қыр ер адам атынан баянда­лады. Ер адам ежелгі грек тілінің оқы­ту­шысы болса, әйел – оның сту­­­­­денті. Хан Ганның өзге еңбек­те­рі секілді, бұл роман да біреу­мен бөлісуге болатын дүние мен еш­бір сөз жеткізе алмас сезімдер арасындағы нәзік әрі тұрақсыз кеңіс­тікті көркем де ықшам про­за тілімен зерттейді. Онда еңсені қан­дай зіл батпан қайғы басып жат­са да, адамзаттың қарым-қа­тынасқа мұқтаждығы мен ұм­тылысы суреттеледі. The Guardian редакциясы «Грек тілі са­ба­ғы» туындысына білдірген пі­кірінде: «Құдайға шүкір, Хан Ганның әйел қаһармандары осы әлемде өз орнын табуға қанша­лықты күре­сіп жатса, қаламгердің әдеби үні де соншалықты маңыз­ды орын­ға ие», – деп жазған екен.

Жазушының «Ақ кітап» атты тол­қынысқа толы, кей жерінде мистиканың ізі бар автобио­гра­фия­лық еңбегі 2018 жылы Ха­лық­аралық Booker сыйлығы­ның шорт-тізіміне енген. Бұл кітапта автор ақ түс әлеміне поэти­ка­лық саяхат жасап, адам эмоциясының терең қырларын ашуға тыры­сады. Кітап мынадай сөзбен бас­талады: 

«Көктемде мен ақ жаратылыс ту­расында қалам тербемек бол­ып, мынадай тізім жасап шық­тым:

Жөргек

Иткөйлек

Тұз

Қар

Мұз

Ай

Күріш

Толқын

Магнолия

Ақ құс

Тазалық

Таза парақ

Ақ ит

Ақ шаш

Тыныштық».

Осылай дей келе, автордың өзі өмірге келмей тұрып, ша­қа­лақ кезінде о дүниеге аттанған әпкесі жайлы автобиографиялық әңгі­месі басталады. Уақиға құд­ды бір хормен баяндалатындай. Ара-арасында қаламгердің өзі ешқа­шан кездеспеген әпкесіне қара­та сөз сөйлейді, бұл өз түп-тамыр­ың­ды түсініп, зерттеуге де­ген талпыныс тәрізді. Хан Ган бұл шығармасын Варшавада жү­ріп жазған деседі. Қаладағы қар­дың аппақтығын автор бірде таза­лық­пен байланыстырса, енді бір­де ешқандай естелігі жоқ жад­пен салыстырады. Оны қалам құт­қарады: әпкесінің өліміне қа­тыс­ты уақиғаларды қайта қал­пы­на келтіру – жаңа өмір бас­тау­ға, қайғыны қабылдауға және алға жылжуға қадам іспетті.

 «Адам табиғаты» романында бұл автобиографиялық қайғы тұтас ұлттың қайғысына айнала­ды. Мұнда Ханның туған жері Гванчжу өңіріндегі 1980 жылы бол­ған жаппай кісі өлтіру уақи­ға­сы баяндалады, бұл кезде жұрт­­қа жеккөрінішті әскери дик­татор Чун Ду Хванның авто­ри­тарлық режиміне қарсы шық­қан жүзде­ген, тіпті мыңдаған сту­дент­ті әскерилер аяусыз ба­сып-жан­шып өлтірген болатын. Пара­докс, иә: дәл осындай сұр­қай қатыгездіктің ортасында бір­лік, ар, қайсарлық, жауап­кер­ші­лік секілді адамзатқа ең аяулы сезім­дер оянады. 

«Менің романдарым адамзат қай­ғысын зерделейді», – деп жаз­­ған бірде Хан Ган. Оның ой­ын­­ша, оқырман бұл уақиғаны ақ­парат түрінде оқып қана қой­май, кейіпкерлердің қайғысын өз қайғысындай сезінгендері дұ­рыс. Романның этикалық мас­ш­табы цензура таңған ұжымдық амне­зия­ға қарсы әрекет етеді. Онда тірілер – өлілермен, қазіргі шақ – өткен шақпен, ес пен жад – цен­зурамен, сөз – тіл жет­кіз­гісіз зорлық-зомбылықпен те­кетіре­седі. Бәлкім, тірі қалу – үнсіз келі­сімнің бір формасы шы­ғар?! Бірақ «Ақ кітап­та­ғы­дай», мұнда да қаламның құдіре­ті арқасында тыныштық «айғай­ға басады». Жазу­шының рөлі – ең, ең, ең «айту­ға болмайды» деген жайт­­тың өзін еске түсіру, жұртқа жет­­­кізу. Тіпті, құйтақандай фраг­­­мент түрінде болса да... Тіп­ті, үнсіздік формасында да... Тіп­ті, адамзат­тан үміт үзген сәт­тер­д­е де... 

Хан Ганға Нобель сыйлығын әперген де оның қаламгер ретін­де­гі осы мықтылығы шығар.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ