Аралмен бірге тасып, бірге тулаған жазушының шығармашылығы көпке жақсы таныс. Әбдіжәміл Нұрпейісовтей ұлт ардақтысын құрмет тұтқан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевпен сұхбатымыз да қаламгер төңірегінде өрбіді.
– Қырымбек Елеуұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғасыр жасаған ғажап адам болғанын барша қазақ жұрты жақсы біледі. Әдебиетке де, қаламға да адалдық танытқан жанмен жақсы аралас-құралас болдыңыздар. Қазақ оқырманы «Әбе» деп асқақ тұтқан қаламгердің жалпы жұртшылық біле бермейтін қандай қасиетін жоғары бағалар едіңіз?
– Әбең – адамзаттың, табиғаттың тілін меңгерген классик жазушылардың соңғы буыны. Бір кезде Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының пленумында Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы «Сүйінші, сүйінші! Қазақ әдебиетіне мен 20 жыл күткен жазушы енді келді» деп айтқанын білеміз. Әбе адамзаттың тілін ғана емес, табиғаттың да тілін білген, түсінген жарықтық деп айта аламын. Өйткені ол кісінің қаламының арқасында маң далаға тіл бітті, өлген теңіз өксік айтып сайрап жөнелді емес пе? Соны біз «Қан мен терде» де, «Соңғы парызда» да оқып сезінеміз. «Табиғаттың тілін білді» деген – табиғаттың, тәңірдің тілін түсінді деген сөз ғой. Ұлы классик жазушының ұлтжандылығын, патриоттығын еске алайықшы. Қайта құрудың соңғы кезеңінде Кеңес Одағы Президенті Михаил Горбачев Алматыға келіп, алқалы жиын өткізген. Сол жиында қазақтың тілі мен жеріне жанашыр болып, ашықтан ашық сөз сөйлеген осы Әбе болатын. Оны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Солженицынның атақты арандатушы мақаласы шыққан кезде де Әбенің саңқ ете қалған дауысы шыққан еді ғой. Махамбеттің осындайда мынадай бір шумағы еске түседі: «Азамат, сені сақтадым, Бір мүддеме керек деп».
Әбе тәуелсіздік таңын қуана қарсы алды, тәуелсіздікке жанашыр болды, мен оның мұндай ұлтжанды әрекеттерін жақсы білемін. Екеуіміз де Аралдың топырағынан туғанбыз. Сондықтан Әбең биліктегі болып жатқан жақсы шешімдерге қуанып, әттеген-айларға үнемі ойын нақты ашық айтып отыратын. Мемлекеттің басшысына да, қарапайым жандарға да. Әбе: «Қоғамда жаңарудың екі жолы бар: төмендегі әлеуметтік топтардың наразылығы артып, революцияға ұласып кетсе, қантөгіс болады, қисықтығы шешілмейтін проблемаға айналып кетеді. Бұл жерде қоғамдағы элитаның, зиялы қауымның, жауапкершілігі өте жоғары болуы керек». Мұны өз әріптестеріне де, мәдениет, ғылым қайраткерлерімен кездескенде де жиі-жиі айтып отыратын еді. «Біз қоғамды модернизациялаудың,реформалаудың жаңа жолдарын айтып, ұсынып отыруымыз керек, немқұрайлы қарауымызға болмайды» дейтін. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай: «Бодандықтықта өкініш қанша болса, тәуелсіздікте жауапкершілік одан да есе өседі». Сондықтан билікпен бірге зиялы қауым өзінің үлесін қосып, қоғамның дұрыс дамуына, оның әлеуметтік келбетіне, дұрыс әділдік жолында жүруіне мән беруге тиіс дегенді ұстанды. Осы себепті де көбірек билікпен дискуссияға барып отыратын. «Сен маған жылтыңдап жиі келе берме, қызметіңе зияны тиіп кетпесін» деп те айтатын. Ал мен «Ешқандай зияны жоқ, өйткені мен жеке адамның басына қызмет істеп жүргенім жоқ, еліме қызмет етіп жүрмін ғой. Сіздің ескертпеңізді ескеріп, жадымызда ұстау – парызымыз» деп жауап беретінмін. Сондықтан Әбеңнің мен білетін ең үлкен қасиеті – елге, ұлтқа, тілге, ділге, жерге жанашырлығы дер едім. Біз мұндай ұлтқа нағыз жанашыр тұлға берген Жаратқанға алғыс айтуымыз керек.
– Нұрпейісов – Арал тағдырлас тұлға. Айдыны желкен керген Арал секілді әдебиетке бәрін берді. Сөздің нәрін берді. Тартылған Арал тәрізді ұлттық құндылықтардың жағаға шығып қалғанын да көрді... Әбең мен Арал егіз ұғым деп айта аламыз ба?
– Әбеңнің ғұмыры өзінің туған жерімен тағдырлас деп айтуымызға болады. Арал тартылса, Әбеңнің де рухани кеңістігі тартылғандай болады. Арал толса, көңілі мамыражай болып қуанады. Кейде кездескенімізде: «Сен биліктің маған берген әдемі пәтерінде отырып, ойлап қалма. Осы отырғанда біле-білсең, мен Аралдың жағасындағы қамыстан жасалған балық сасыған кішкентай күртенің ішінде отырғанымды аңсаймын. Құлағымнан теңіздің шуылы кетпейді. Аралдың балықшыларының, жылқышыларының жағдайын ойлаймын» деп жиі айтатын. Сондықтан өзін үлкен ғаламдық деңгейге көтерген прозасының негізгі күретамыры Аралдың тағдырынан басталды. Сондықтан Әбе мен Арал егіз ұғым деп айтуға әбден болады.
– Жерлестерінің өмірін шығармасына арқау еткен Шолохов «Тынық Донмен» Нобель сыйлығын алды. «Қан мен терді» Нобельге ұсыну мүмкін болды ма? Әлде ондай ой болған жоқ па?
– «Қан мен терді» ұсыну туралы мәселені Қазақстан Жазушылар одағы емес, Францияның жазушылары көтерді. Өйткені Әбең шығармасын француз тіліне аударғаннан кейін олар таңғалған. «Мынадай шығарманың деңгейі өте биік, Нобель сыйлығын алған жазушылардың еңбектерінен артық болмаса кем емес. Сондықтан халықаралық ПЕН-клуб Швеция корольдігі жанындағы Нобель сыйлығының комитетіне ұсынсын» деп ұсыныс берген. Бірақ өкінішке қарай, біздегі билік тарапынан қолдау болмады. Ол кезде Мемлекет басшысын Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына лауреаттыққа ұсыну туралы жұмыс жүріп жатты, бұлар бір-біріне зияны тигізеді деген көзқарас та болған секілді. Сөйтіп, өкінішке қарай, Қазақстан ресми түрде Әбеге қолдау көрсеткен жоқ.
– Әбе әлемдік әдебиетке аты кеткен адам ғой. Ол кісі көшпелі қазақ көшінің соңғы жолаушысы секілді. Әбең арман-мақсат тұтқан дүниесіне жете алды ма?
– Ол кісінің тоқмейілсіп немесе бір дүниеге толық риза болып отырғанын байқаған емеспін. Мен сізге бірнәрсені айтайын, соңғы күніне дейін жарыққа шыққанына біраз жыл болған «Қан мен тер» трилогиясын жөндеумен жүрді. Мен сол ісіне қатты таңғалатынмын. Емханаға барып, палатасына қарасам, үстел үстінде сол «Қан мен тердің» соңғы басылымы тұр. Шимайлап жазып тастапты. «Мына жерінде ойым соңына дейін жетпеген сияқты. Әуезов сияқты менде синонимдердің сандығы жетіспейді. М.Әуезов сияқты аш ішегін айналдырып жаза алмағаныммен, ең болмаса соған жақындайын. Мен бар болғаны Горький атындағы әдебиет институтын бітіргенмін, сосын солдат гимнастеркасымен жүріп, «Курляндия» романын жаздым, менің бірінші жазғаным сол арман болып шықты ғой» деп күліп алатын. «Нет предела совершенству» деген жиі айтатын еді. Сонда қарасаңыз, дүниежүзі мойындаған, әлемнің қанша тіліне аударылған, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы берілген еңбегін қайтадан жөндеп жазып отыратын. Ол «шығармашылықтың бәріне жеттім деп тоқмейілсуге болмайды» дегенді өмірлік қағида етіп алды.
– Өмірінде үш роман ғана жазды: «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз». Осы үш шығармаға бүкіл өмірін арнады. Ол кісінің бір шығарманы ұзақ жазуының сыры неде?
– Қысқа әңгімелер жазуына да болатын еді. Министр кезім, бірде бір ағайын бізді немересінің тұсаукесеріне шақырды. Жексенбі еді. Жұмыста Әбеге қоңырау шалып, көлікпен алып кететінімді айттым. Үйіне келсем, екінші қабаттағы өзінің кабинетінде тұсаукесерге байланысты өзінің ой-пікірін жинақтап жазып отыр екен. Мен күліп: «Брежнев сияқты әр сөзді қағазға жазып отырсыз ба?» дегем. Ал ол болса, «Бұл – кішкентай баланың тағдыры, мен қазір үлкен атасы ретінде сол балаға батамды беріп, өз сөзімді айтамын. Бұл оның тағдырына ықпал етеді. Бұл сөздің өзі де, оның энергиясы да балаға әсер етеді. Сондықтан айтылған сөзге атүсті қарауға болмайды. Сендер, бастықтар атүсті сөйлей саласыңдар, мән бермейсіңдер. Ал мен дайындалып барамын» дегені. Кейін маған да «үлкенді-кішілі шараларға барсаң да, неге бара жатырсың, аудиторияда қандай әңгіме болады, соған байланысты ойыңды жинақтап барғаның дұрыс болады» деп кеңесін беретін болды. Бұл маған өмірлік сабақ болды.
– Ол кісі тірі кезінде туған жері Арал ауданындағы Беларанда моласын салдырғанын білеміз. Бірақ Әбеңді Беларанға емес, Кеңсайға жерледі. Ол кісінің аманаты солай болды ма?
– Менің атам – Аралдың атақты жылқышысы, Социалистік Еңбек Ері Көшербай деген ақсақал. Ал әкем Сыр елінде бірнеше аудандарды басқарған. Менің үлкен атам Әбенің ағасы, әкем інісі болады. Сондықтан Әбең маған «Әй, бала» деп сөйлейтін. Маңғыстауда әкім боп жүргенде бір күні телефон шалып: «Әй, бала, сенің еліңде уақыт өткен сайын, жел ескен сайын, жаңбыр, қар жауған сайын қатая түсетін әдемі жақсы ұлу тас деген болады екен. Сәулетші Саин Назарбековтің «Домалақ анаға» салған сондай ұлу тасын көрдім. Маған қатты ұнады. Сондықтан мен де Беларанда өзіме сол тастан мола салғым келеді» деді. Содан мен қазақта ондай дәстүр жоқ, бұның жақсы ырым емес екенін айта бастап едім, ұрсып берді. Бір кезде «Тыңда, мен айтайын» деп әңгімесін бастады.
«Кезінде бұл далада үлкен Тетис деген мұхит болған. Ол қайтқаннан кейін төрт теңіз пайда болды: Каспий теңізі, Қара теңіз, Азов теңізі және Арал теңізі. Мынау – теңіздің үшінші рет қайтуы. Мұның бәрінің өз себептері бар. Бұл тек экологияға байланысты емес. Адамның ниетіне де байланысты. Бұл – адам ниетінің де энергиясы бар деген сөз. «Салыстырмалылық теориясында» Альберт Эйнштейн өзі келтірген формулада бір энергия бар екенін және соның табиғатын түсіне алмай, «масса» деп жазғанын айтады. Бірақ ол масса емес, оның ар жағында үлкен гравитациялық па, әлде басқа бір энергия жатыр. Ол энергияның табиғатын өзі де түсіндіре алмайды. Қазір көптеген құндылық құлдырап бара жатыр, адамзаттың ниеті бұзылған. Егер ниеті түзелсе, теңіз қайтып толуы керек», – деді.
Сондықтан Әбе: «Әй, бала, ағаңның ниетін орында, Беларанда маған жақсылап кесене тұрғызып бер. Сол биікте күтіп жатайын, мүмкін бір кезеңде Аралдың жағаға соққан толқыны қайтадан құлағыма естілер, шағалалар қайта ұшып келер» деп айтқанда, жүрегім бұзылып, көңілім толқып, «Айып етпеңіз, айтқаныңыз болсын! Мен атүсті қараған екенмін. Айтқаныңыз келсін, Аралымыздың арнасы қайта толсын, халқымыздың несібесі мол болсын!» деп айтқанына көндім. Еске алайық, қазақ тарихында да бар ғой, Есет батыр қайтыс болар алдында былай депті: «Ақтөбе аймағында жатып, Ресейге қарсы қазақ жерін аяғыммен тіреп жатайын» деп аманат айтыпты. Немесе Жанқожа батыр. Ол да Қызылқұмда жатыр. Ол – қоқандықтармен, хиуалықтармен, патша әскерлерімен соғысып, Каспий мен Аралдың ортасында елдің тәуелсіздігін қамтамасыз етемін деп 86 жасына дейін аттың үстінде жүрген батыр. Ол да қайтыс болар алдында аманат қалдырған. «Басымды құбылаға қаратпаңдар, мен Қызылқұмда қазақ жерін тіреп жатайын» депті. Әбең де сондай мақсатқа келген ғой.
Қызылордадан Аралға – 700, Аралдан Беларанға жету үшін 200 шақырымнан астам жол жүру керек. Сондықтан болар, «Балаларға қиын болар» деп пандемия кезінде әбден ойланды. Әбе қайтыс болар алдында, 2 жыл бұрын Аралда әдеби шығармашылық музей үйін салғанбыз, «Соңғы парыздың» кейіпкерлеріне ескерткіш қойғанбыз. Соны барып өз көзімен көрген. «Ол жерде де еңбегімнің белгісі бар ғой, Беларанға да осы жердегідей шығарма авторының шыққаны туралы тасқа жазып қойған екенсіңдер. Халық ол жерде бәрін біледі. Бірақ ұрпақтарыма қиындау болатын сияқты. Оның үстіне жұбайым да, екі қызым да Алматыда жатыр. Жарайды. Бірақ қол тигенде, ағаң еске түскен кезде, Аралға жол түскен кезде барып тұрарсыңдар. Менің сол арманымның орындалғанын тілеңдер. Арал қайта толсын!» – деді. Өз аманатымен Кеңсайға жерленді.
– Көрнекті жазушы Дулат Исабеков қаламгер туралы әзіл-қалжыңдарын жиі айтып отырады. Сіздің қалжыңдасқан кезіңіз болды ма?
– Ия, Әбе негізі көңілі мамыражай кісі еді ғой. Бірақ өте талапшыл еді. Қай жерде де өз дегенінен қайтпайды. Сондықтан үлкен кісі болған соң қабағына қарап отырамыз. Әбенің өткен өмірінде қарап отырсаңыз, негізінен асықпай, саспай сөйлейтін, сабырлы әңгіме айтқанды жақсы көрген. Әзілді де жақсы көретін. «Сенің әкелеріңді жүрегіммен, сені санаммен жақсы көремін. Солардың ұрпағы болғасын», – деп айтатын. Одан кейін жаңа ғана тілі шығып келе жатқан балалармен сөйлескенді ерекше жақсы көретін. Әбе аяқ астынан үйге келіп, шай ішіп кететін. Алдын ала телефон арқылы хабарласып, келетінін айтпайтын. Үйге тілі шығып келе жатқан балаларыммен сөйлесу үшін келетін еді. Кішкентай баланың қулығы жоқ, тек шынын айтады ғой. Соны рахаттанып күліп, шай үстінде арқа-жарқа болып отыратынбыз. Бізде үш бөлмелі пәтер ғой, соның біреуін қазақы үлгіде жасап қойғанбыз. Сол бөлмеге кіріп алып, аяқ созып, екі көпшікті қолтығына салып отырып алады да, «философияға толы күй тыңдайыншы» деп, маған Қазанғаптың күйлерін шерткізетін.
– Талант – талап пен еңбектің тығыз ұштасуы. Әбеңнің бос уақыты қалай еді: қандай да бір хоббиі бар ма еді, нені жақсы көрді, сүйікті ісі не еді?
– Әбенің ең жақсы көретіні – өзінің туған ауылына барып, Аралдың жағасында соққан желге көзін жұмып, төсін кере тұрып кең тыныс алу. Осыны ерекше жақсы көрді. Ол маған: «Сендер бұндайды түсінбейсіңдер», – дейтін. Қайыққа мініп, ішінде көзін жұмып отырады. Ол жерде Қамбаш деген көл бар, Арал теңізінің жағасында Ақшатау деген төбе бар. Ата-бабаларымыздың төбесі. Сол жерге отырып, әртүрлі естелігін, арасында қызық әңгімесін айтып, күлдіріп отыратын. Сол жерде өзімізше, көшпенділердің дастарханын жайып жіберіп, талай естеліктерді айтамыз. Қызылордаға жылына бір келіп, ата-баба жерін аралап кетеді. Мен Әбеңе «атқа не түйеге мініп, анда-мұнда барайық» десем де, айтқаныма көнбей, теңіз жағасында қалады. Ашаршылық кезде елді аман алып қалған балықтан әртүрлі тамақ жасалған ғой. Оның ішінде қарма деген дәм бар, «казахский уха» деп айтуға болады. Сол балықты 1-2 рет қайнатып жегенді жақсы көретін. Балалық шағы еске түсетін болуы керек. Бала кездегі жеген сүйікті асын аңсап тұратын.
– «Қан мен тер» фильмі түсірілді. Бірақ ол кеңестік кезеңнің идеологиясымен түсірілгенін білеміз. Одан кейін бұл туындыға көркем дүние жасау ойға келмеген сияқты.
– Ол фильм көбімізге ұнамайды. Өзіңіз де білесіз, кеңестік цензураның кезінде түсірілді. Көп дүние айтылған жоқ. Қазір «Қан мен тер» трилогиясын үлкен ауқымды дүниеге айналдыруға болады. Оны түсіретін білікті режиссерлер де бар. Егер мемлекеттік тапсырыс болса, трилогиядан жақсы киноэпопея жасауға болады деп ойлаймын.
– Жазушының жазған естеліктері, күнделік кітаптары бар ма? Өзінің балалық шағы туралы не жазды?
– Бірде өзі құрметтейтін тұлғалар туралы жазып, оны бітіргеннен кейін балалық шағы туралы естеліктер жазғысы келетінін айтқан. Солай түртіп жазғандары бар. Руханият қайраткерлері болған үш тұлғаны ерекше айтамыз ғой: Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков. Ілияс Омаровпен жақсы қарым-қатынаста болды. Бір-бірін ерекше құрметтеді. Сол Ілияс Омаровты Аралға апарып, балықшылармен бірге жүріп, теңіздің тынысын сезіндіріп қайтқан екен. Ауылға барып, «Қан мен тердің» кейіпкерлерімен таныстырып, елді аралатып көрсетіпті.
Өкінішке қарай, жазамын деген жобасы іске аспай қалды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС