Данияр Абулғазин Азия үстел теннисі одағының вице-президенті болып қайта сайланды

Данияр Абулғазин 2021 жылдан бері Орталық Азия бойынша вице-президенті.

Қазақстан үстел теннисі федерациясының басшысы Данияр Абулғазин Азия үстел теннисі одағының (АTTU) вице-президенті болып қайта сайланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР Үстел теннисі федерациясының мәліметінше, дауыс беру 12 қазанда ATTU Бас Ассамблеясының аясында Астанада өтті. Жиын қатысушылары оның кандидатурасын бірауыздан қолдады. 

Айта кетелік, Данияр Абулғазин 2021 жылдан бері Орталық Азия бойынша вице-президенті. Енді ол аталған қызметті 2028 жылға дейін атқарады. 

Әріптестері соңғы жылдары Қазақстанда үстел теннисі жақсы дамып жатқанын, оның ішінде халықаралық турнирлердің жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын және ел бойынша инфрақұрылымның дами түскенін атап өтті. 

Ұйымдастырудағы жоғары деңгейден бөлек Қазақстанның спорттағы жетістіктері де Бас Ассамблея қатысушыларының назарын аударды. 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы Кирилл Герасименконың өнер көрсетуі мен жастар арасындағы чемпионаттағы Алан Құрманғалиевтің жеңісі де атап өтілді. 

«Данияр Рүстемұлының қайта сайлануы оның көшбасшылық қасиеттерінің және Орталық Азиядағы үстел теннисінің дамуына зор үлес қосқанының нәтижесі. Оған артылған сенім мен халықаралық деңгейдегі қолдау мұның дәлелі бола алады.  Оның басқаруында аймақ халықаралық алаңда өз деңгейін сақтап қалатынына сенімдіміз», - деді Қазақстан үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак. 

Айта кетелік, Бас Ассамблея мүшелері ATTU президенті Халил Аль-Моханнадиді (КэҚатар) де қайта сайлады. Ол ұйым басшылығына 2021 жылы келген және 2028 жылға дейін басшысы болып қалмақ.

Конгресс Астанадағы XXVII Азия чемпионатын өткізу аясында өткізілді. Құрлықтық біріншілік алғаш рет Орталық Азияда өтіп жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.