Ашхабадта «Орталық Азия – Корея» екінші парламентшілер форумы өтті

Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағалары форумының қорытындысы бойынша бірлескен Декларация қабылданды.

Түрікменстан астанасында Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының екінші кездесуі өтті. Іс-шараға Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан депутаттары делегациясы қатысты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Парламент басшыларының кездесуі «Бейбітшілік, өркендеу және өзара сенім жолындағы серіктестік» атты пленарлық сессиядан басталды. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі жаһандық климаттық және демографиялық сын-қатерлердің белең алуы, қақтығыстардың ушығуы, мемлекеттер арасындағы шиеленістер мен сенімсіздіктің өршуі жағдайында ұсынылған тақырыптың өзектілігін атап өтті. 

– Қазіргі кезде Орталық Азия біртұтас өңір ретінде дамудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев оны «Орталық Азияның ренессансы» деп атады. Қазақстан аймақтың Кореямен сенімді саяси диалогті, экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытумен қатар, парламенттік дипломатияны да нығайтуға мүдделі. Біздің елдерімізді өсіп-өркендеу және жайлы қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттар біріктіреді. Бейбітшілік пен тұрақтылық аймақ елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы берік серіктестіктің мызғымас негізі болуға тиіс, – деді Мәжіліс Спикері. 

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Орталық Азия елдері мен Корея Республикасының тұңғыш парламенттік форумы елдеріміз үшін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін жұмыс алаңына айналғанын атап өтті. Табиғи ресурстарға бай, экономикасы өсіп келе жатқан Орталық Азия аймағы мен тың  технологиялары, инновациялары бар Оңтүстік Корея бірін-бірі толықтыра алады. Осыған байланысты цифрландыру мен креативті индустрия саласында, сондай-ақ Еуропа мен Азия, Орталық және Шығыс Азия арасындағы көлік-транзит әлеуеті мәселелерінде ынтымақтастықтың үлкен перспективаларына жол ашылып отыр.

Мәжіліс Спикері әріптестерін өңірдің био және экожүйесін сақтау, климат өзгеруі мәселесін шешу, сонымен бірге су қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш-жігерді біріктіруге шақырды. Ол Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру және 2026 жылы елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климаттық саммит туралы Қазақстан бастамасының өзектілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан Президентінің бастамасымен Алматыда Орталық Азия елдерінің Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі жобалық офисінің аясында бірлескен жұмысты күшейту қажет.

Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағалары форумының қорытындысы бойынша бірлескен Декларация қабылданды.

Іс-шараға Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы У Вон Шик, Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулманова , Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Шакиев, Тәжікстан Республикасы Маджлиси Намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжлисінің Заң шығару палатасының төрағасы Нуриддин Исмоилов және форумға қатысушы елдердің парламентшілері қатысты.

Осы күні Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесті. Екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және заң шығару жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу жайы талқыланды. Түрікменстан тарапына Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылу барысы мен Мәжіліс жұмысының қорытындылары туралы ақпарат берілді.