Гендерлік теңдік жайы талқыланды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онда комиссия мүшелері Орнықты даму мақсаттарын іске асыру аясында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге (ОДМ-ның 5-мақсаты) арналған мәселені талқылады. Бұл бағытта әйелдердің экономикалық және саяси белсенділігін арттыру, гендерлік теңгерімсіздік мәселелері, еңбекақы алшақтығы сияқты бірқатар маңызды мәселе қамтылған.

Палата Төрағасы атап өткендей, Қазақстан үшін гендерлік теңдік мәселесінің маңызы зор. Өйткені ел халқының 50 пайыздан астамын әйелдер қауымы құрайды. Ал бұл – азаматтардың 10 миллионнан астамы деген сөз. Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты міндеттер. Сондықтан аталған бағытқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп отыр.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілді. Былтыр Президен­тіміздің тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Бұл – Парламент депутаттары, Үкімет және азаматтық сектордың ауқымды әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі. Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қоса алғанда, адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар мен келісімдерді белсенді қолдайды және орындайды. Бүгінде Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық гендерлік алшақтық индексіне сәйкес Қазақстан 146 елдің ішінде 76-орында тұрғанын атап өткен жөн», – деп, Сенат Төрағасы экономикалық дамуды айтарлықтай ынталандыруға және елдегі өсуді арттыруға қабілетті әйелдерді іскерлік белсенділікке кеңінен тартудың маңызды екеніне назар аударды.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, еңбек нары­ғының 48 пайызға жуығын әйелдер құраса да, олардың арасындағы жұмыссыздық үлесі жоғары, ал жалақы көлемі ерлерге қарағанда орта есеппен 26 пайызға аз болып қалып отыр. Ауылдағы әйелдердің экономикалық белсенділігі де әлі төмен деңгейде. Сондай-ақ жынысына қарай кәсіби бөліну деректері де жоқ емес. Әйелдер негізінен аз төленетін және инновациялық секторларда көп шоғырланған.

«Әйелдердің елдің қоғамдық және саяси өміріне қатысу мәселесіне ерекше назар аудару керек. Жаһандық гендерлік алшақтық индексі бойынша Қазақстанның бұл бағыттағы көрсеткіші көңіл көңшітпейді. Қазір елімізде аталған көрсеткішті жақсартатын айтарлықтай әлеует бар. Дегенмен жоғарыда аталған теңгерімсіздік әйелдердің әлеуетін іске асыруды және гендерлік салада теңгерімді саясат жүргізуді шектейді. Осыған байланысты бүгінде бұл бағыттар депутаттардың, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ерекше назарын және олардың үйлесімді жұмысын талап етеді», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ Парламенттік комиссияның төрағасы Мәулен Әшімбаев мүдделі тараптардың аталған саладағы қазіргі жағдайды жақсартуға қатысты бірлескен жұмысына арналған негізгі міндеттерге тоқталды.

«Әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі олардың қоғамдағы рөлі туралы дәстүрлі түсініктер мен қасаң қағидалар екені белгілі. Біз бұл мәселені байыпты түрде талдап, осындай ұғымды өзгерту үшін барлық деңгейде тиісті жұмыс жүргізген жөн. Әйелдердің қоғамдық және саяси институттардың жұмысына белсенді араласуын қамтамасыз ету де маңызды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге ұлғайту жөнінде нақты міндет жүктеді. Бұл тұрғыда әйелдердің экономикалық және кәсіпкерлік қызметтегі белсенділігін арттыру императивке айналатыны сөзсіз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыспен қамтуды ынталандыруға және кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолданыстағы бағдарламалардың тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізудің, қажет болған жағдайда оларды іске асыру тәсілдерін қайта қараудың маңызы зор. Сенімді және өзекті статистикалық деректерге сүйенбей тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес. Бүгінде талдауға қажетті көрсеткіштердің айтарлықтай бөлігі гендерлік бөлімде жоқ. Бұл жағдайды толық түсінуге кедергі келтіреді. Біз осы бағытта Ұлттық статистика бюросымен белсенді жұмыс істеуіміз керек», – деген Сенат Төрағасы отырыс барысында айтылған проблемаларды шешу үшін Парламент заңнамалық тұрғыда қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Комиссия отырысының жұмысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар Үкімет мүшелері, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Дина Әмрешева, «Феликс Астана» жиһаз компаниясының бас директоры Баян Тойкебаева және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева баяндама жасады.

Сонымен қатар отырыста комиссия мүшелерінің шешімімен Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ольга Булавкина Парламенттік комиссияның хатшысы болып сайланды.

Мәулен Әшімбаев іс-шараны қорытындылай келе, қатысушыларға мазмұнды пікірталас үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсынымдарды іске асыру барысы Сенаттың тиісті комитеттерінің бақылауында болатынын және оның бәрі комиссияның алдағы отырыстарында талданатынын атап өтті.