Апалы-сіңлілі қыздарды 17 жыл құлдықта ұстаған аға-жеңгесі әлі жауапқа тартылмаған

17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды.

Түркістан облысында апалы-сіңлілі қыздар Құндыз бен Назгүлді 17 жыл құлдықта ұстап, қорлап келген аға-жеңгесі әлі жауапқа тартылмаған.  Бұл туралы “Көреміз” бағдарламасында айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды. Бірақ қыздарды құлдықта ұстаған аға-жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанмен, қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс жабылып қалыпты.

"Қылмыстық іс қозғалды. Қамқоршы, қорғаушылар өз міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда шара қолданылуы керек еді. Алайда шара қолданылмады. Прокуратура істі қысқартты”, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Заңгерлер іске әлдекімдердің араласқанын алға тартты.

“Прокуратура тарапынан мүлдем әрекет болмады. Қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құрам жоқ деп жабылып отыр. Бәлкім жемқорлық бар шығар. Материалдық тұрғыдан құқық қорғау органдарына әсер еткен болуы мүмкін", – дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Ол іс тергелмегенін айтты.

«24-бапқа сай тергелмеді. Қылмыстың белгілері болып тұрып, қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмыстың белгілері жоқ деп қысқартылып отыр. Өздеріне өздері қарсы келіп отыр», – дейді заңгер Арман Шәріпов.

Еске сала кетсек, Түркістан облысында апалы-сіңлілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары “Көреміз” бағдарламасына айтқан. 

Журналист Руслан Өтепбай Түркістан облысында 17 жыл құлдықта болған апалы-сіңлі қыздарға қатысты мәселе Мәжіліске жеткенін мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.