Ұлттық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау және көкпардан үздік спортшыларды анықтау мақсатында өтетін турнирге 7 команда тіркелді.
Жеребе қорытындысы бойынша, А тобына Астана қаласы, Павлодар, Ақмола облыстары, Қарағанды қаласы түссе, Б тобында Қарағанды облысы, Қостанай облысы, СҚО өзара тартысты. Жарыстың алғашқы күні топтық ойындар өтсе, ертеңіне финалдық ойындар ойналды.
«Көкпарға бас аяғы 7 команда қатысты. Атап айтқанда, Қарағандыдан 2 команда, Астана қаласы мен Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан бір-бір команда тіркелді. Турнир бағдарламасына сәйкес, 10 қазан күні турнирдің алғашқы күні көкпаршылар, шабандоздар, атбегілер келіп орналасып, мандат комиссиясы мен төрешілер алқасының отырысы, жеребе тарту, жарыс аттарын алаңмен таныстыру іс-шаралары өтті.
– 11 қазан күні көкпардан топтық ойындар басталды. Ал 12 қазан күні финалдық ойындар ұйымдастырылды. Онда жүлделі алты орын сарапқа салынды – деді жарыстың бас төрешісі Ерлан Канапин.
Айта кетейік, көпшілік көз тіккен жүйріктер додасының ашылу салтанатына біршама халық жиналды. Көрермендер үшін Ұлттық ат спорты фестиваліне кіру тегін болды.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барша жерлестеріміздің назарын аударып, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртуға, қызығушылықты арттыруға ықпал етті. Енді қалыптасқан жолды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Осы орайда заманауи «Қазанат» ипподромында 2 күн бойы көкпар мен бәйге түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Көкпардан жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге, бәйге түрлеріндегі жалпы жүлде қоры – 20 млн теңгені құрады», – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Қаналимов.
Сондай-ақ фестиваль аясында бәйге түрлерінен сайыстар өтті. Яғни, құнан бәйге, жорға жарыс, топ бәйге, аламан бәйге ұйымдастырылды.
Солтүстік аймақтың шабандоздарына арналған республикалық турнирдің қорытындысы бойынша, Қостанай облысы финалда Астана қаласын 4:2 есебімен жеңіп, чемпион атанса, Қарағанды қаласының спортшылары Қарағанды облысын басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ турнир барысында үздік номинация иегерлері де анықталды. Атап айтқанда, Астана қаласының спортшысы Александр Пупенко «Үздік шабандоз» атанса, «Үздік ат» номинациясын Қостанай облысынан келген «Доллар» сәйгүлігі иеленді.
БӘЙГЕ ЖАРЫСЫНДА КІМДЕР ТОП ЖАРДЫ?
Республика күніне және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйгеден жеңімпаздар анықталды.
«Жалпы, бәйге бойынша бүгінде онлайн түрде 8 ат тіркелді. Оның ішінде «Аламан» бәйгеге – 5 ат, құнанға – 3 ат.
Бәйге жарыстарының жалпы жүлде қоры – 20 000 000 теңге. Соның ішінде «аламан» бәйге ғана 5 орынға дейін жеңімпаздарды анықтайды. Қалған бәйге түрлері үшін 3 орын ғана» – деді Астана қаласы бойынша «Бәйге» федерациясының төрешісі Гульнара Базарханова.
Бетті дайындаған Әсет ҚАЛИ