Олжас Бектенов Пәкістанның премьер-министрімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады 

Екі ел сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастырады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Исламабад қаласына барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Барған сәтте Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өтті. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективалары, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. 

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық кооперация әлеуетіне ерекше назар аударатынын атап өтті. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 16%-ға өсіп, шамамен $40 млн-ды құрады. Қолданыстағы әлеуетті ашу үшін тараптар тауар айналымын әртараптандыруды жалғастыруға ниетті. Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны $490 млн-нан асатын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға, оның ішінде жеткізілетін мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Биылғы қаңтар-тамызда қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 2 есеге жуық өсіп, $7,7 млн-ды құрады. Қазақстаннан әкелінетін көкөністер мен дәнді дақылдар Пәкістан нарығында сұранысқа ие. Биыл күтілетін жоғары өнімді ескере отырып, Қазақстан Үкіметі Пәкістанға дәнді дақылдар жеткізу көлемін жыл сайын 2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын.

Транзиттік-көлік саласында теміржол жүк тасымалы көлемінің үш есеге артуы және автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдың төрт есеге өсуі аясында үкіметтер басшылары қолданыстағы «Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан» мультимодальды бағытын және «Қазақстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан» жаңа көлік дәлізін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Екі ел сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастырады.