Қазақ тілін кезекті рет келемеждеген Черчесов 738 мың теңге айыппұл төлейтін болды

Бас бапкерге қазақ тілінде сауал қойған журналисті мазақ еткені үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тіліне қатысты сөйлеген сөзі үшін айыппұл салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Черчесовтің әзілдері кейде шектен шығып кетеді. Онымен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдығын түсіндірдім. Онымен әңгімелесіп, жұмыс істедік. Оған айыппұл салынды", – деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

Еске салсақ, бұған дейін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні "сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?" деп келемеждеген болатын. Ол бұл әрекетін әзіл деп түсіндірген.