Шымкенттік жастар жазушылармен кездесті

«Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы, Сол азап­қа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы» деп жырлаған талантты ақын, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қонақта болып, қаланың зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студент жастармен кездесті.

Университеттің Басқарма төрағасы-ректордың м.у.а. Ғани Бесбаев ақынның өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып: 

«Бұл күн – тарихи күн. Жастар сіз­дер халқымыздың ардақтысымен кездесу сәті бұйырып, жүздесу, сұхбаттасу бақытына ие болдыңыздар. Тағылымды кештің берері көп», – деді.

Әуезов университетінің ғылыми кеңесі шешімімен Мұхтар Шахановқа оқу ордасының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Шығармашылық кеште Әуезов жастары бірінен соң бірі ақынға деген жалындаған арнау жырларын төкті, ұлтжандылыққа, ар-намысқа үндейтін өлеңдері мен поэмаларын жан тебірене оқыды. Мұхтар атамыз жау­қазын буынның қазақ әдебиетіне, өз жырларына деген шексіз махаббатына ризашылығын білдіріп, «Өлең құрау» өлеңін оқып берді.

Кеш соңында студент жастар отты ақынға сұрақ қойып, ақыл-кеңесін сұрады, ақ батасын алып, кітабына қолтаңба алды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Мұхтар ақын 14 жастан бастап үзбей намаз оқыған екен. Ол күні бүгінге дейін ешкімге айтылмаған осы сырымен бөлісіп, жастарды елінің жанашыры болуға, адал жолмен жүріп, шыншыл болуға ша­қы­рып, тәрбиелік мәні зор ақылымен бө­лісті. «Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?» деген студенттің сауалына Мұхтар аға әдемі жауап берді. Ол өз сөзінде:

«Жастар әрқилы. Бірақ шындық биігінен көрінуді мақсат тұтпаған адамды мен еркек деп, әйелді әйел деп есептемеймін. Себебі адамдар тек шындық бар жерде ғана бақытты өмір сүреді. Ал бүгінгі жастар сол биіктен көрінсе деймін», – деді ақын.

Шахановтың шығармашылық кеші бұл жолы ерекше өтті. Жастар жағынан оқылған жырлар толастамады, қатысушылар «Арыс жағасында» әнін қосыла шырқады. Берері мол басқосуда Шахановтың кітаптарынан көрме ұйымдас­тырылды. Сондай-ақ ақынның қолтаңбасымен жаңа кітаптары да ұсынылды. Ұлт руханиятының рухты тұлғасының шығармашылығымен сусындаған кештің жастарға берер тәрбиесі орасан, тағылымы мол болды.

Осы күні шымкенттік тағы бір жастар құрамы қаламы қарымды қаламгер Әкім Ысқақпен кездесті. Шығармашылығы көпшілік көңілінен орын алған, Әкім ағаны оқырмандары арнайы Жамбыл облысынан да іздеп келген. Бұл жүздесу тек жастарға ғана емес, үлкен буынның да қатысуымен өтті. Жиын «Алтыным, өмірді сүй, өзіңе сен!» тақырыбы аясында ұйымдастырылған. Әдеби кеште мектеп оқушылары ақынның шығармаларын жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады. 

Бала күнінен Әкім Ысқақтың өлеңдерін, эсселерін оқып өскен Қайсар Жұман бұл кешке ерекше дайындалған көрінеді. 

 – Мектепте оқитын кезде махаббат туралы өлеңдерді жатқа оқитынмын. Күш алатын едім. Қазір де дәл солай, оқудан немесе тұрмыстық тіршіліктен шаршағанда кітап беттерін парақтаймын. Сосын әрі қарай жақсы көңіл күймен шабыттанамын. Осындай кездесулер жастарды ерекше әсерге бөлеп, бір сәт тынығуына жағдай жасайды, – дейді ол.

Кездесу барысында «Алтыным-2» кітабы таныстырылды. Автор өз сөзінде өмірді сүюдің маңызы мен әрбір адамның жеке күшіне сенудің қажеттілігін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – айналаға шуақ шашу. Бүгінгі кездесудің де тақырыбы «Өмірді сүй, өзіңе сен!». Шынында, өмірді сүйген адам ғана айналаға шуағын шаша алады. Ал өзіне сенген адам ғана арманына жете алады. Сенің үйің жоқ болсын, көйлегің жоқ болсын ол сенің кедейлігің емес. Дүниедегі ең кедей адам – арманы жоқ адам, – дейді қоғам қайраткері, жазушы, ақын Әкім Ысқақ.

Шара соңы Әкім Ысқақ пен жастар арасындағы ашық сұхбатқа ұласты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жазушының өмірлік тәжірибесі мен кеңестерін тыңдады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы