«Тұлғалар ізімен» келемін

Мұражай – тұңғиығы терең тарихтан сыр шертетін, өткеніміз бен бүгінімізді көз алдымызға әкелетін, адам жанына рухани азық сыйлайтын мекен. Әдетте, қаншама жәдігер топтасқан осы бір мәдени ордадан тарихи тұлғаларымыздың қайталанбас шығармашылығын тамашалайтынымыз рас.

Ал құндылығы жоғары бағаланатын сондай бір тың туындылардың арасында студенттің идеясынан туған үздік шығармашылық жұмыстардың көрінуі – назар аударарлық оқиға. Олай дейтін себебіміз – таяуда ғана Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Республика күні қарсаңында «Тұлғалардың ізімен» атты көрме ашылды. Көрменің ерекшелігі де сол, экспозицияға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті студенттерінің шығармашылық туындылары кіреді. Мұражайға ат басын бұрған келушілер енді сонау жылдардан бері келе жатқан жәдігерлерден өзге, жаңа толқынның шығармашылық әлемімен таныса алады. 

Көрмеде оқу орны студенттерінің 50-ден астам шығармалары ұсынылды. Олардың дені негізінен түлектердің дипломдық жұмыстарынан және әртүрлі курс студенттерінің оқу жұмыстарынан тұрады. Мәдени шара аясында монументалды және станоктық графика, кескіндеме, баспа графикасы мен сәндік-қолданбалы өнер, соның ішінде гобелен, батик, ши, кескіндеме, сондай-ақ зергерлік өнер сынды бейнелеу өнерінің түрлерін көруге болады. 

Қазақ мәдениетін өркендетуге атсалысқан талай өнер саңлақтарын өз ұясынан түлетіп ұшырған білім ордасының ректоры Арман Жүдебаев студенттер мен академия түлектерінің көрмеге қойылған шығармашылық туындыларын ерекше бағалай отырып, жас таланттардың бойындағы дарынын жұртшылыққа танытуға мүмкіндік беретін осындай іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдыру қажет екенін атап өтті. 

– Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үшін тарихи күн. Өйткені талантты студенттеріміздің жұмысы тұңғыш рет Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында көрсетіліп отыр. Бұл ретте ең алдымен еліміздің Мә­дениет және ақпарат министрлігіне, мұражай директоры Гүлайым Мұсағұлқызына алғысымызды білдіреміз! Біз аталған көрмені академиямызда білім алып жатқан студенттеріміздің осы күнге дейін айналысқан шығармашылық жұмыстарын халыққа таныстырып, дәріптеу мақсатында ұйымдастырдық. Енді студенттердің жобаларымен танысуға мүм­кіндік беретін мұндай көрмені жыл сайын ұйым­дастыруға бел буып отырмыз. Қазірдің өзінде сту­денттердің жинақталған біршама жұмысы бар. Біз ерекше жобалардың санын ұлғайтып, алдағы уа­қытта әлі де халықтың назарына жеткізгіміз келеді. Сондай-ақ көрмеде республикалық және халық­аралық конкурстардың лауреаты атанған сту­дент­теріміздің үздік туындылары қойылған, – деді оқу орнының басшысы.

Осы күнге дейін білім ордасы студенттерінің өнердің түрлі саласында бағындырған белесі аз деуге келмейді. Ректор өз сөзінде студенттер қол жет­кізген жетістіктердің бірқатарын тізіп өтті. Одан өзге оқу орнының басшысы білім саласында сту­денттердің креативті идеялары мен тәжірибелерін ортаға салып, бойындағы потенциалын пайдалана білу үшін басшылық тарапынан да жеткілікті қолдау болуға тиіс екенін негізге алды. 

– Студенттердің көрмеге қойған жұмысы соңынан еріп келе жатқан жастарға да стимул болуы қажет. Академия – үлкен шығармашылық орта. Былтыр студенттеріміз Әзербайжан елінде өткен Халықаралық театр фестивалінде бас жүлде жеңіп алса, таяуда ғана Мәскеуде өткен Халық­аралық кино фестивалінде тағы бір мәрте топ жарып, бас бәйгені қанжығаға байлап қайтты. Біздің басшы ретінде ең басты құндылығымыз – студенттерді қолдау және олардың идеяларын жүзеге асырып, шығармашылығын дамытуға мүм­кіндік беру. Онымен қоса оларды мате­риал­дық, техникалық базамен қамтамасыз ету, – деп сөзін қорытындылады ректор А.Жү­дебаев.

Тағы бір ерекше көзге түсетіні – экспозицияда ежелгі қазақ мифологиясы, халық ертегілері мен аңыздары, дала халықтарының тарихынан алын­ған бейнелерге байланысты бірқатар туынды қоса көрініс тапқан. Соның ішінде Ә.Омарқұлдың «Бабалар сөзі», С.Мұхтарқызының «Жезтырнақ» шығармалары бар. Туындыда өткеннің бейнесі қазіргі заманның интерпретациясында бейне­ленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұн­дай жұмыстарға танымал жапон анимациясы әсер еткен көрінеді. 

Әйгерім Омарқұл қазір Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистратура сатысында білім алады. Кейіп­керіміздің сөзінше, туындының жарыққа шығуы үшін аз уақыт жұмсалмаған. Сан түрлі бояу мен түрлі көріністі қамтыған туынды ұлттық құндылықтарымыздан хабар береді. 

– Бүгінгі көрмеге қойылған туын­дым «Бабалар сөзі» деп аталады. Бұл атауды берген себебім, суреттің түпкі идеясын «Бабалар сөзі» атты мифологиялық 100 томдық кітаппен байланыстырдым. Суретте мифо­логиялық кейіпкерлер бейнеленген. Туындының түпкі мән-мағынасы мен басты мақсаты – мәдениетімізді қайта жаңғырту. Суретті салуға айлап уақытымды арнадым. Әсі­ресе, эс­кизді әзірлеу ұзақ уа­қытқа со­зыл­ды. Эскизді жасау үшін ша­мамен бір ай уақыт жұмсалды. Мұнда басты ке­йіп­кер, мифоло­гиялық персонаж – Асан қайғы. Шығармашылық туын­дым арқылы мен жастарға жоғалып бара жатқан мәдениетімізді қайта жаңғыртып, көпке танытуымыз қажет екенін жеткізгім келді. Ра­сында, суретті салу үшін біршама ма­териалдармен танысып, көбірек ізденуге тура келді. Жұмысты бастамас бұрын YouTube желісі арқылы Зира Наурызбаеваның сұхбаттарын жиі қарадым. Процесс барысында қою түстерді қолдануға тырыстым, – деді сурет авторы Ә. Омарқұл.

Мұражайға қойылған айрықша туындылардың қатарында Өнер академиясының түлегі Аяжан Мәдидің «Құрбылар» атты суреті де бар. Бір қы­зығы, картинада Аяжанның өзі мен оның шынайы өмірдегі құрбылары бейнеленген. 

– Менің шығармашылық жұмысым «Құр­былар» деп аталады. Алғашында жұмысыма та­қырып таңдауда көп ойландым. Тіпті, неден бастарымды білмедім. Кейіннен бірнеше эс­киздерді сызып әкеліп, жетекшім Бауыржан ағайға көрсеттім. Ол эскиздерді қарап отырып, қыздарда бір қызықты деталь бар екенін, оны әрі қарай өзім іздеуім тиіс екенін айтты. Сонымен мен де әрмен қарай таң­даған тақырыбымды жал­ғастыруға бекіндім. Су­ретті салуға шамамен бір жарым айға жуық уақыт кетті. Көрмеде ілінген осы бір суретті салу үшін құрбыларымды жинап, ар­найы суретке түстік. Туындыда бес қыздың бейнесі көрініс тапқан. Олар – өмірде менің жақын құрбыларым. Бесеуміз де Өнер ака­демиясында оқимыз. Әрбір құрбымның бойында тұнған талант пен қабілет жатыр. Сондықтан мен суретте гитара аспабын көрсеттім. «Құрбылар» туындысы мұра­жайда ал­ғаш рет көптің назарына ұсынылып отыр, – деді А.Мәди.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – өнердің түрлі бағыттарында мамандар даярлауды жүзеге асыратын Орталық Азия мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Қазір Өнер академиясы республика суретшілері үшін беделді мектеп саналады. Айта кетейік, студенттер мен академия түлектерінің шығар­ма­шылығынан құралған көрме 30 қазанға дейін жалғасады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы