Өнім бар, өткізетін орын жоқ

Өнім бар, өткізетін орын жоқ. Бүгінде жамбылдық шаруалар осылайша шырыл қағуда.

Жамбылдық шаруалар шырылын кім ұғады?

Биыл қызылша жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандар дабыл қаққанымен, жергілікті билік дәрменсіз күйде отыр. Шенділер «шаруаның сөзін сөйлеп отырмыз» дегенімен, Меркі ауданындағы қант зауыты қызылша қабылдауға қауқарсыз. Осылайша, «ары тарт та, бері тарттың» кесірінен дақыл далада қалғалы тұр.

Жалпы, биыл еліміз бойынша 1,1 млн тонна тәтті түбір жинау жоспарланған. Соның 600 мың тоннадан астамы Жамбыл облысына тиесілі. Бұл былтырғы көрсет­кішпен салыстырғанда үш есеге артық. Диқандар ала жаздай еңбек етіп, гектарына 900 центнерге дейін өнім алғанымен, өткізетін орын болмай, шаруалар қант зауытының есігін күзетіп жүр. 

Негізі, Жамбыл облысында бұған дейін екі қант зауыты жұмыс істеген. Ал­ай­да биыл Тараз қант зауыты тәтті түбір қабылдамай,  тірліктері тұралап қалды. Содан 11,2 мың гектарға дақыл еккен диқандар Меркі қант зауытының алдында тәуліктеп кезекке тұруға мәжбүр. Тау болып үйілген тәтті түбірін қайда апар­арын білмей отырған шаруалар «еткен еңбегіміз еш кетіп, өнімімізді үсік шалып кете ме»  деп  алаңдайды. 

Жамбыл облысы әкімі Ербол Қара­шөкеев өнім жинау науқаны басталмай тұрғанда қант зауыты 410 мың тон­­наға дейін қызылша қабылдауға қау­қарлы екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытымен  450 мың тонна өнім қабылдауға келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізген. Осылайша, екі зауыт 1 миллион тоннаға дейін тәтті түбір қабылдаса, артылғанын Қыр­ғызстанға апарып өткізу де жоспарланған еді. Мұндай ақжолтай хабарды естіген диқандар бөркін аспанға атып, өнім жи­науға жең түре кіріскен. Алайда жоспар жүрісінен жаңылып, уәде сылдыр суға, одан әрі буға айналатындай. Олай дейтіні­міз  – Меркі қант зауытының алдына бір аптадан бері түзілген кезектен көз сүрінеді.  

– Қант зауытының алдында қаңтарыл­ып тұрғанымызға бірнеше тәулік болды. Кезек өте баяу жүруде. Мұнда жатқан шы­ғын­ымыз бар, тамағымыз бар, бізге оңай соқпай жатыр. Өнімді қайта кері алып кетпейсің ғой. Содан амал жоқ, әй­теуір тәуліктеп күтіп отырмыз. Билік өкілдері биыл қызылша қабылдаудан еш қиындық болмайтынына сендірген еді. Алайда ол құр уәде болып қалды. Қазір біз қант зауытының алдында емес, тәтті түбір жинайтын алқабымызда жүруіміз керек, – дейді ашынған шаруа Нұрдәулет Ахметов.

Екінші нұсқа ретінде ұсынылған Же­ті­су облысындағы Ақсу қант зауытына жол қашық. Аймақпен  арасы шамамен 1000 шақырымға дейін барады. Сондықтан өз­ге өңірге жол тартқан көліктер 7-8 күн-де әрең оралуда. Оған қоса, жол шығыны да шаруаларға оңай соқпауда. 

Билік өкілдері өз кезегінде қызылша­ның әр келісіне 25, ал Ақсу қант зауытына апарса, 45 теңгеден субсидия төленетінін айтып, шаруалардың жанайқайына жұбату болуға тырысуда. Алайда Үкіметтен әзірге бір тиын да бөлінбегендіктен, тасымал шығынын диқандар өз қалтасы­нан көтеруде.   

– Субсидия қаражаты осы қазан айында беріледі деген Үкіметпен келісім бар. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігіне де күн сайын баяндап отыр­мыз. Ал облыс әкімі осы аптада Ме­р­кі қант зауытына арнайы барып, ак­цио­нерлермен жиналыс өткізіп келді. Соның арқасында кезек мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Кәсіпорын бүгінгі күнге дейін 120 мың тоннадан астам қызылша қабылдады. Ал жалпы жоспар 450 мың тонна болмақ. Қазір өнім қабыл­даудың арнайы кестесі бекітіліп, күндік қабылдау қуаты 4,5 мың тоннадан 6  мың тоннаға дейін ұлғайтылды, – дейді облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқарма­сы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев.

Жамбыл облысының диқандары ек­кен 11,2 мың гектардың бүгінде 2 100 гек­­тар алқабы қазылып, 150 мың тоннадай өнім жиналған. Оның 120 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдаса, 1 000 тонна дақыл Ақсуға жөнелтілген. 

– Өнім әкелушілер көп болғаннан кей­ін қызметшілеріміз үлгермей кетті. Ал­ай­да аймақ басшысымен өткен келіс­сөзден кейін қабылдау қуаттылығын 6 мың тоннаға дейін көбейттік. Сондай-ақ қызыл­шаны көп еккен Жамбыл мен Бай­зақ ауданына лимитті көбірек қойдық. 

Енді келетін дақылдарды тек кестемен қабылдаймыз. Осылайша, ұзын-сонар ке­зек мәселесін шешпекпіз.  Біз өңірдегі 150 шаруашылықпен байланыс орнат­қанбыз. Бұйыртса, бәрінің де өнімін қабыл­дап үлгеруге күш саламыз, – дейді  «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры Нұржан Қарғабаев. 

Әрине, шаруалардың мәселесі шешімін тауып жатса құба-құп. Алайда бұл диқан­дар­дың әзірге жинаған өнімі. Тәтті түбірдің алынбағаны әлі алқаптарда жатыр. Сон­дықтан бұл бүгін-ертең бітетін шаруа  емес. Ауа райы күн санап құбылып жатқа­нын ескерсек, ертең дақыл алқап басында  үсіп кетпей ме деген де қауіп бар. Сол се­­беп­ті тәтті түбір түйткілі қазір талқылауды емес, тез арада нақтылауды қажет етуде. 

–  Биыл 20 гектарға қызылша еккенмін. Осы күнге дейін қант зауытына жөнелт­кенім сегіз-ақ «КамАЗ» болды. Қазір қол қусырып қарап отырмыз. Өйткені зауытқа жіберген көлігіміз әлі қайтқан жоқ. Оған қоса, жаңбыр да жауып, комбайндарымыз батпақтап алқапқа кіре алмауда. 

20 гектардың ары кетсе, 2,5 гектары ғана қазылып отыр. Жергілікті билік өкіл­­дері «шешеміз», «далада қалдырмай­мыз» деп уәде етуде. Алайда өз басым бұ­ған сенбей отырмын. Ақсу қант зауытына тартайын десем, ол жақта да қабылдау қиын болып жатқанын айтуда. Содан шақ­шадай басым шарадай болып, не істерімді білмей отырмын, – дейді шаруа Жәнібек Төлегенов.    

Иә, диқандардың денінің өкпесі – осы. «Неге билік өкілдері Меркі қант зауытының қабылдау шамасына қарай өнім ектірмеді?»  деп налиды. 

Шаруалардың шырылдауы орынсыз дей алмайсың. Себебі биыл өнімнің мол бол­атынын билік білмеді емес, білді. Тәт­ті түбірдің  көп егілгеніне қарап, алдын ала қам жасауы қажет еді.   

Салаға жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, кеңестік кезеңнен келе жатқан Меркі қант зауыты әбден ескірген екен. Соған орай биыл кәсіпорнын жаңғыртуға Үкі­меттен қаржы сұралған. Алайда ол жақ­тан оң жауап келмеген. 

Қалай дегенде де Үкімет «қамсыз қы­зыл­ша еге беріңдер, дақылдарың далада қалмайды» деген уәдесінде тұруы керек. Өйткені жамбылдық шаруалар жылда мол өнім алғанымен, арты айқай-шуға ұл­асуы әдетке айналып барады. Тіпті, бір жылдары Меркі қант зауыты қабылдаған қант қызыл­ша­сының қаржысын бере алмай, шаруаларды шырылдатқан еді. Әзірге бұл жағына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Ертең осы қабылдаған тәтті түбірдің теңгесін тағы төлей алмай жатпасына кім кепіл? Сондықтан билік өкілдері бұл мәсе­лені де жіті назарға алып, тараптарды тартыстыр­май, оңтайлы шешеді деген сені­м мол.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы