Үздік ғылыми зерттеулер мен өнертабыстарға берілетін халықаралық Нобель сыйлығының 2024 жылғы лауреаттарымен Aikyn.kz таныстырады.
Нобель сыйлығы (Nobel Prize) – жыл сайын адамзатқа пайдалы ең үздік ғылыми-зерттеулер, революциялық өнертабыстар немесе мәдениетке, әлеуметтік дамуға қосқан ірі үлесі үшін берілетін ең беделді халықаралық сыйлық. Жүлде қоры - 1 млн доллар.
2024 жылы америкалық ғалымдар Виктор Амброс пен Гэри Равкан «микроРНҚ-ларды ашқаны және олардың ген экспрессиясын транскрипциядан кейінгі реттелуіндегі рөлін зерттегені» үшін медицина саласындағы Нобель сыйлығын жеңіп алды.
«Жасанды нейрондық желілерді қолдану арқылы машиналық оқыту негізінде жатқан іргелі жаңалықтар мен өнертабыстар» үшін физика сыйлығы АҚШ-тан Джон Хопфилд пен канадалық Джеффри Хинтонға берілді.
Химия бойынша Нобель сыйлығы АҚШ ғалымы Дэвид Бейкерге және британдықтар Демис Хассабис пен Джон Джамперге ақуыз құрылымын зерттегені үшін берілді. Әдебиет сыйлығының иегері оңтүстіккореялық жазушы Хан Ганг болса, бейбітшілік сыйлығы Нихон Хиданкиоға Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбасынан зардап шеккендер ұйымдарының жапондық Nihon Hidankyo кеңесіне берілді.
Экономика саласындағы Нобель сыйлығы
Швеция Ұлттық банкінің Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика ғылымдары бойынша сыйлығы бейресми түрде экономика саласындағы Нобель сыйлығы деп аталады. Бұл экономика ғылымындағы ең іргелі зерттеулер үшін берілетін экономика саласындағы ең беделді сыйлық саналады. Оны Швеция банкі Альфред Нобельді еске алу үшін тағайындаған. Сыйлықты Швеция Корольдік Ғылым Академиясы жылына бір рет береді. Нобель сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде берілетін басқа сыйлықтардан айырмашылығы, бұл сыйлық Альфред Нобельдің өсиетінде айтылмаған. Сыйлық 1969 жылы тағайындалған.
Биылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары қазан айының екінші дүйсенбісінде (14 қазан) белгілі болды. Экономика бойынша 2024 жылғы Нобель сыйлығын америкалық ғалымдар Дарон Асемоглу, Саймон Джонсон және Джеймс Робинсон жеңіп алды. Нобель комитеті өз шешімін дүйсенбі, 14 қазанда жариялады.
Сыйлық Асемоглу, Джонсон және Робинсонға институттардың қалай құрылатыны және олардың әл-ауқатқа қалай әсер ететіні туралы зерттеулері үшін берілді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Стокгольмде жыл сайын 10 желтоқсанда Стокгольм қаласының ратушасында (мэрия) өтеді.
Ал 2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығының жүлдесі екіге бөлінді. Оның бірінші жартысы Google DeepMind қызметкері Демис Хассабис пен Джон М. Джамперге ақуыздың құрылымын болжауда ЖИ-ді пайдаланғаны үшін берілсе, екінші бөлігі Вашингтон университетінің биохимия профессоры Дэвид Бейкерге ақуыздың дизайнын (құрылымын) ЖИ-ді қолданып есептеуге арналған жұмысы үшін беріледі. Жеңімпаздар 1 миллион АҚШ долларына тең жүлде қорын бөліп алады.
Бұл зерттеудің ықтимал әсері орасан зор. Ақуыздар өмірдің негізі болып табылады, бірақ олардың не істейтінін түсіну үшін олардың құрылымын анықтау керек. Ақуыздың әрбір түрінің құрылымын анықтауға бұрын айлар немесе жылдар қажет болатын. Биылғы химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері жасанды интеллектің көмегімен жасаған есептеу құралдары ақуыз құрылымын болжауға қажетті уақытты қысқарта отырып, ғалымдарға ақуыздардың қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Болашақ жаңа зерттеулер мен препараттар жасауға жол ашады. Яғни, жаңа технология анағұрлым тиімді вакциналарды табуға, қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған зерттеулерді жылдамдатуға немесе мүлдем жаңа материалдарды жасауда қолданылатын болады.
Хассабис пен Джампер жасаған ЖИ-дің AlphaFold моделі 2020 жылы ғалымдар ондаған жылдар бойы күресіп келген мәселені шешті: аминқышқылдарының тізбегінен ақуыздың 3D моделін жасады. Содан бері бұл ЖИ құралы ғылымға белгілі әрбір ақуыздың пішінін болжау үшін қолданылып келеді. Демис Хассабис пен Джон М. Джампердің жетілдірілген AlphaFold 3 моделі жаңа дәрілік заттар жасау үшін маңызды ДНҚ, РНҚ және лигандар сияқты молекулалардың құрылымдарын болжай алады.
Google DeepMind ғалымдарға өз модельдерінің бастапқы кодын және зерттеулерінің нәтижелері жиналған дерекқорды тегін берген.
«Мен өз мансабымды ЖИ дамытуға арнадым, өйткені оның миллиардтаған адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін әлеуеті бар. AlphaFold қазірдің өзінде екі миллионнан астам зерттеушілермен ферменттерді әзірлеуден бастап дәрі-дәрмектің ашылуына дейінгі сыни жұмыстарды ілгерілету үшін пайдаланылады. Біз AlphaFold-қа ЖИ-дің ғылыми жаңалықтарды жеделдететін керемет әлеуетінің алғашқы дәлелі ретінде қараймыз», – дейді Демис Хассабис.
Альфред Нобельдің өсиетхаты туралы
Альфред Нобель 1833 жылы 21 қазанда Стокгольмде, Швед-Норвегия униясында инженерлер отбасында дүниеге келген. Ол химик, инженер және өнертапқыш ртеінде белгілі. 1894 жылы Нобель ең ірі қару өндірушіге айналған «Бофорс» металлургиялық концернін сатып алады. Нобель табысының көп бөлігін өзінің 355 өнертабысынан алды, олардың ішінде ең танымалы динамитті ойлап шығару еді.
1888 жылы Альфред Нобель «тірідей жерленеді». Канн қаласында Нобельдің ағасы Людвиг қайтыс болып, журналистердің қателігімен газеттер оның ағасы емес, Альфред Нобельдің өзі қайтыс болғаны туралы хабарландыру жариялайды. Француз газетінде «Өлім саудагері өлді» деп аталатын өзіне арналған некрологты оқығаннан кейін Нобель адамзат тарихында оны қалай еске алатыны туралы ойлана бастайды. Осы оқиғадан кейін ол өсиетін өзгертуге шешім қабылдайды. Альфред Нобель 1896 жылы 10 желтоқсанда Италияның Сан-Ремо қаласындағы вилласында миына қан кетуден қайтыс болады.
Бұл өсиетхат 1895 жылы 27 қарашада жасалып, 1897 жылы қаңтарда жарияланған:
«Менің өсиетімді орындаушылар барлық жылжымалы және жылжымайтын мүліктерімді өтімді активтерге айналдырып, жиналған капиталды сенімді банкке орналастыруы керек. Инвестициялардан түсетін кірістер қорға тиесілі болуы керек, ол оларды жыл сайын өткен жылғы адамзатқа ең көп пайда әкелген адамдарға сыйақы түрінде бөледі. Көрсетілген пайыздар (түскен табыс) теңдей 5 бөлікке бөлінуі керек, олар мына салаларға арналады:
бір бөлігі – физика саласында ең маңызды жаңалық немесе өнертабыс жасайтын адамға; екіншісі – химия саласында ең маңызды жаңалық ашқан немесе жетілдірген адамға; үшіншісі – физиология немесе медицина саласында ең маңызды жаңалық ашқанға; төртінші – идеалистік бағыттағы ең көрнекті әдеби шығарманы тудырушыға; бесінші – ұлттар бірлігін нығайтуға, құлдықты жоюға немесе бар әскерлерді қысқартуға және бейбіт съездерді ілгерілетуге үлкен үлес қосқан адамға.
Физика және химия бойынша жүлделерді Швеция Корольдік ғылым академиясы, физиология және медицина бойынша Стокгольмдегі Корольдік Каролинска институты, әдебиет бойынша Стокгольмдегі Швед академиясы (әдебиет) және бейбітшілік сыйлығын Норвегиялық Стортинг тағайындайтын (швед парламенті) бес адамнан тұратын комитет береді. Менің ерекше тілегім, жүлделерді тағайындау кезінде үміткерлердің ұлты ескерілмей, ең лайықтылары скандинавиялық немесе скандинавтық еместігіне қарамастан, марапатталса екен».
Нобель өсиеті ғылыми-зерттеулердің әлеуетін анықтап, оларды насихаттауда да маңызды рөл атқаруда. Біздің тілегіміз: «қазақ ғалымдарының еңбектері де бүкіл әлем мойындаған аса құнды зерттеулер қатарында аталса екен» дейміз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.