Шәкен Айманов өзін өнерлі адаммын деп санайтын бөспелерді көргенде, үндемей отырып қалатын – Хабиба Елебекова

Биыл Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл! Шәкен жаратылысы бөлек, мінез-құлқы өзгеше, өмірге көзқарасы басқаларға ұқсай бермейтін ерекше жан еді. Сырт көзге ашу-реніш дегенді білмейтін, тек ойын-сауық құрып думандатып жүретін сал-серілердей көрінетін.

Атақты актер, режиссер қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосты. «Қазақ киносының бағына туған құбылыс» деп баға беріп кеткен аңыз адамның қарапайым оқырман кинофильмдерін жақсы біледі. Бір Алдар көсенің сомдаған рөлінің өзі неге тұрарлық?! 

Шәкеңнің кино мен театр саласындағы өнері жайлы көпшілігі біледі деп есептейміз. Өмірнамасы да түгенделген. Біз болсақ оның қарапайым өмірде қандай болғанын оқырманға көрсетпек ниетте едік. Ол үшін замандастарының жазғандарына үңілдік. Бір ғана Хабиба Елебекова көптеген қызық естеліктер жазып кеткен екен. 

«Жүсекең мен Шәкен жан аямас дос еді. Көзі тірі кезінде жиі араласып тұратынбыз. Олар өнер адамдары болғандықтан бірімен-бірі тығыз байланыста жүретін. Жүсекеңнің өмірін Шәкен, Қалекилерден бөліп алып қарау мүмкін емес. Ол Шәкенді біраз көрмесе сағынып қалатын», – деген пікірдің өзі екі өнер адамының арақатынасын көрсетеді. Сондықтан оқырманға ұлы әнші Жүсіпбек Елебековтың жары Хабибаның «Қайран, Жүсекем» (Алматы, 1998 ж.) еңбегінен Шәкең жайлы пайымын топтап шықтық. Ары қарай Хабиба Елебекованың ой-толғамы:                     

 

Шәкен біздікіне көбіне жолдассыз, жеке келетін. Ондағысы сол кешті тек әнге ғана арнаушы еді. Кілегеймен ішкен үнді шайын ұнататын…

Бабына келтіріп ішкен шайдан соң ән басталады. Жүсекең ән айтудағы өзінің ұстаған жолы бойынша, әнді кестедей өрнектеп, әдемілеп айтқанды ұнатады. Шәкен үнсіз тыңдап отырады да: 

– Мына бір ирегі артық, – деп әнді бөліп өз ойын дәлелдейді. Кейде екеуі келісе алмай айтысып қалады. Шәкен әннің тұтастығын ұнатады. «Жиырма бестің» кейбір әдемі иректері артықтау дейтін еді. Жүсекең «Жиырма бесті» соңғы рет Шәкеннің айтуы бойынша жаздырған. Екеуі әннің артығын жонып, кемтігін толтыру үстінде көп еңбектенетін.

Қалеки Шәкен екеуі басы қосылып келе қалса, түні бойына ән тыңдаудан жалықпайтын. Екеуі де домбыраны жақсы тартады. Дауысы да жақсы, тәп-тәуір әнші болатын. 

*  *  *           

Бір жылы Қалеки, Жүсекең, Шәкен үшеуі басы қосылып Қарағандыға барып, Қалидың (Қали Байжанов) үйіне түседі. Қали мен Қалеки ежелгі жолдас, театр құрылмай тұрғанда Қоянды жәрмеңкесінде бірге сайрандап, әнші Қали, пері Қалибек атанған. Жүсіпбектің әншілік өнерін ерекше қадірлеген, ағасы Жақыпбекпен қатарлас, аралас өскен. Ал Шәкенге жезде боп келеді. Шәкеннің әкесі Кенжетайдың ағасының қызын алған. Шәкенді кішкентай күнінен бетінен қақпай еркелетіп әнге баулыған, домбыра үйреткен ұстазы, бір жағы туысы, әкесіндей адам. Олар шақырған жерге өздерімен бірге Қалекеңді қалдырмай апарып жүріпті. Қалекең бұрынғы әдеті бойынша, кісі үйінде намаз оқитын көрінеді. Намаз артынан аят оқып, қол жайып отырып, өлген адамдардың атын атап аруағына бағыштайтын әдетті Қалекең де біледі. Соны көріп жүрген Қалекең қол жайып аят оқып отырғандай аузын күбірлетіп отырып, жан-жағына алақтап қарап қоятын көрінеді. Көзіне бірінші ілінген Қалекидің әкесінің атын атап, Қуанышбайдың аруағына бағыштадым деп бір қойып, Жүсіпбек өкпелеп қала ма дегендей, Жүсіпбекке қарай мойын бұра, дауысын көтеріңкіреп Елебектің аруағына, Шәкенге қарап, Айманның аруағына бағыштадым деп, жанындағы өзі білетін адамдардың әкелерін түгел айтып шығатын көрінеді. 

Қалекеңнің ақкөңіл аңқаулығын, жанының баладай тазалығын айтып екеуі рақаттана күлетін. Шәкен Қалекеңнің сондағы аңқаулық тұрпатын айнытпай салып айтып бергенде, көзімізден жас аққанша күлеміз. 

 * *  * 

Шәкен екеуінің Қали жайында әңгімесі таусылмайтын. Әңгімелеп отырып Қалиша ән айтып, домбыра тартатын. Ұзақ түнге ән айтып, әншілер жайында сыр шертуге жалықпайтынына күні бүгінге дейін қайран қаламын. Не деген өнерсүйгіш, әнге құмар жандар десеңші! Бірін-бірі жетектеп, бірін-бірі толықтырып отырушы еді.

Шәкен, әсіресе, «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» ерекше сүйіп айтатын еді. «Екі жиреннің» Тоқбай айтатын екінші түрі болатын. Шәкен соны қатты ұнататын. Қолына домбыра тисе, бірден «Екі жиренге» басатын. Ерекше тебіреніспен басқа дүниені ұмытып өзгеше күй кешеді. Күмбірлеген домбыра үнімен бірге дауысы да қосыла шығатын еді. 

Ғизатлу хат жазамын қалқам саған,

Самарқау, осы күні көңілім шабан.

Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,

Дүние осылайша өтті заман.

А-ау, екі жирен,

Жалын түйген.

Жалғанда жақыным сен,

Жаным сүйген.

Көңілі әнге тоймаған Шәкен қайта-қайта айтады. Ән көңілді қоңыр мұңға бөлеп, жан сезімін шымырлатады. Артта қалған оралмас бұла дәуренге деген сағынышын оятады. Сонымен қатар әннің ойыңды әуелете көтеріп әкететін қуатты күші бар. Адам бойындағы саналы мұңды тез оятар, ой әуенін тереңге жетелер сырлы саз болғандықтан ба екен, әйтеуір осы әнді Шәкен кейінгі кезде аузынан тастамайтын.

 * * *   

Шәкен жаратылысы бөлек, мінез-құлқы өзгеше, өмірге көзқарасы басқаларға ұқсай бермейтін ерекше жан еді. Сырт көзге ашу-реніш дегенді білмейтін, тек ойын-сауық құрып думандатып жүретін сал-серілердей көрінетін. Рас, Шәкен жалғыз жүргенді ұнатпайтын. Былайғы жұрт та оған үйірсек келетін. Аузынан шыққан сөзге дуылдаса күлісіп мәз болады.

Шәкен дүние-мүлікке, ақшаға қызыққан жан емес. Барды қанағат қып, жоққа ренжімей жүре береді. «Жомарттың қалтасы тесік» дегендей ақшаның бет-жүзіне қарамайтын. Өзінде бар болса, сұраған адамның қолын қайтарған емес. Кейде өзінің қарызға батып жүретінін қайтерсің. 

Тегінде, шынайы өнерпаздардың табиғаты солай жаратылған-ау деген ойға келесің. Осындайда:

Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,

Болсам да малға кедей, тілге баймын.

Күніне жүзді беріп мыңды алсам да,

Қалтамның түбі тесік байымаймын, — деген Шашубай атамыздың өлеңі есіңе түседі. Шәкен де Шашубай сияқты «күніге жүзді беріп, мыңды алса да» байымайтын, қолы ашық, жаны жомарт, өнерпаз болатын. Анау-мынау қиыншылықтарға мойымай, қашанда жайраңдап, күліп-ойнап жүретін еді.

 

 *  *  * 

Шәкен біреудің әдепсіз сөзін естігенде, не өзін үлкен өнерлі адаммын деп санайтын бөспелерді көргенде, үндемей бетіне қарап отырып қалатын. Басқа бір жерде әлгі адамның сондағы кейпін айна-қатесіз салып, жұртты қыран-топан күлкіге батыратын.

Бірде Әлжаппар Әбішевтің үйінде көп адам бас қостық. Мұндай жиында Шәкен жанып кетеді ғой. Сол кезде бір-екі ауыз өлең құрағанына кеудесін қағып, беталды лаға беретін бір ақын болушы еді. Шәкен желпініп, өзін сол ақынмын деп жариялап сарнай жөнелді. Өлеңіне күліп, сөйлеген адамдарға өлеңмен жауап береді. Жүсекең бірдеңе дей беріп еді, оның да аузын аштырмады.

Ей, Жүсеке, үйтіп абзыбайт қылма сен,

Простой халықтың айтқанына көнбеймін мен.

Атақты алтын тәтемнің ізін басқам,

Маған ешкім келмейді тең.

Мен өзім Ж... деген ақынмын.

Кәнеки, кім шығады айтысуға,

Қарсы шыққан болады маған жем.

Осындай өлең тауып айтшы, кәнекей,

Арам тер боп қалады ол.

Жұрт қыран-топан күлкіге батты. Әсіресе, екі адам ішегі түйіле күліп, өз қалпына келе алмай қойды. Біреуі Жүсекең, екіншісі инженер жігіт, күле-күле орындықтан құлап қалды. Ақыры болмаған соң Шәкенге тыйым салынды.

Тегінде, Жүсекең күлкішіл адам емес. Қырық жылдан аса отасқанда оның қатты күлгенін екі-ақ рет көрдім. Екеуінде де Шәкен себепкер болып еді. 

 

* * * 

1970 жылы желтоқсанның 24 күні таңғы сағат алтыда телефон шыр ете түсті. Оқыс шыққан телефон үні бәріміздің ұйқымызды шайдай ашты. Телефон трубкасын Жүсекең көтерді, Сапекең (Сапарғали Бегалин) екен. Қысқаша амандықтан кейін Жүсекең:

— Ойбай, не дейсіз?! — деп қолындағы трубкасын тастап жіберді. Сосын «Бауырым-ай, жампозым-ай, енді қайттім, боздағым-ай!» — деп айқайлап, зарланып коридорда ерсілі-қарсылы жүгіре берді. Тура бір шоқ басып алғандай. Балалар да үрпиісіп түрегелді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, Жүсекеңнің айналасына жиналдық. Оның есі шығып кеткен. Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Біз сұрауға дәтіміз бармайды, тіпті Жүсекеңнің түрінен шошып кеттік. Бір кезде, «Шәкенім-ай, сен де кеттің бе? — дегенді естігенде, балаларым шулап қоя берді. Бір сәт есімді жиып, жердегі трубкаға көзім түсті де:

— Жүсекең-ау, ананы алсаңшы, Сапекең күтіп тұрған шығар, — дедім. Сабырлы, білгір Сапыш аға әлі күтіп тұр екен. Жүсекеңе көңіл айтып:

— Сен балаларды шошытып жібердің, білем. Балалар шу ете түсті ғой. Бұндайда ұстамды болған жөн. «Тағдырға ешкім ара тұра алмайды», — деп тоқтау айтқан болды.

— Қазір бәріміз жиылып, Төлебаев көшесімен Калинин көшесінің түйіскен жерінде кездесеміз. Сол жерге сен шыға ғой. Енді есебін тауып, Кәукенге естіртуіміз керек, — десе керек.

Жүсекең өңі қуарып, тоңған кісідей діріл қағып, киіне бастады. Үйде қалып, байыздап отыруға менде шама жоқ:

— Жүсеке, мен де барсам қайтеді, — деп едім, бетіме қарап тұрды да: «Жүре ғой», – деді.

Шәкен Мәскеуде қайтыс болған еді. Денесін әкелуге Кәукен жүріп кетті.

Түнгі сағат ондар шамасы. Аэропортта Шәкеннің денесін әкелетін ұшақты күтіп тұрмыз. Ел көп жиылған. Ығы-жығы. Біреуді біреу біліп болмайды. Қашан келеді деп асыға күтудеміз. Шәкен дәл бір алыс жолдан келе жатқандай, сағынып қарсы алатындаймыз. Ақыры күткен ұшақ та келіп қонды. Күтіп тұрған көпшілік Шәкенді тірі көретіндей ұшаққа қарай лап қойды. Бұларды тоқтатқан кісі болған жоқ. Не керек, аңсаған көңіл, алып-ұшқан жүрек, сағымды қуған елестей боп тоқырап қала берді. Денесін салған темір табытты мықтап қоршап тастаған. Көп аялдамай, машинаға салып алып кетті. Қалаға кірген соң, орталықтағы дене сақтайтын жерге беттеді. Машина межелі жерге келіп тоқтады. Жұрт тағы да табытқа ұмтылды. Дене салынған табытты бірнеше жігіт көтеріп, баспалдақпен төмен қарай түсіп кетті. Бұдан әрі баруға болмайтынын білген жұрт, иіріліп тұрып қалды. Шәкеннің фәни жалғаннан өткенін енді ғана ұққандай. Бәрі де жылап тұр. Амал қанша!

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші