«Таза бейсенбі» акциясы аясында еліміз бойынша 10 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

Экологиялық акция арнайы белгіленген жерлерде өтеді.

«AMANAT» партиясы Қазақстанның барлық өңірінде кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды. Игі іске партия мүшелері, депутаттар, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысып, тазалық жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді.

Абай облысының Аягөз ауданында тазалық шаралары Кіші Аягөз өзені мен Битан тау аумағында өтті. 100-ге жуық адам қатысқан бұл акция барысында 100-ден аса қап қоқыс шығарылды. 

«Тазалық – бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, рухани тәрбиенің бір көрінісі. Әрбір азамат қоршаған ортаны таза ұстауға міндетті. Біздің акцияларымыз арқылы жастарға дұрыс үлгі көрсетіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз», – деді аудандық мәслихат төрағасы Архат Ибрайшин. 

Экологиялық акция арнайы белгіленген жерлерде өтеді.  Мәселен, Жетісу облысы Көксу ауданында өткен тазалық жұмыстарына 70-ке жуық адам қатысып, бұл жолы көшелер, қоғамдық орындар және өзен жағалаулары қоқыстан тазартылды.   

«Мемлекет басшысының бастамасын қолдау арқылы біз өз денсаулығымызды ғана емес, болашақ ұрпақты тазалыққа, жауапкершілікке үйретіп келеміз. Бүгінгі шара бір реттік емес, жыл соңына дейін жалғасын тауып, экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруымызға септігін тигізеді деп  есептеймін», – деді Көксу аудандық партия филиалының төрағасы Мәлік Аманбайұлы.  

Сондай-ақ Жамбыл облысында ұйымдастырылған эко акцияға «AMANAT» партиясының облыстық филиалының қызметкерлері, «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері мен волонтерлер қатысты. Олар Тараз қаласының «Көктем» алқабындағы заңсыз тасталған тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Сондай-ақ қураған ағаштарды қала сыртына шығаруға өз үлестерін қосты.

Осылайша аманаттықтар бір күннің ішінде 10 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы басталған уақыттан бері өңірде 3 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Ал Шымкент қаласында Әл-Фараби ауданының Сәуле шағын ауданында өткен тазалық жұмыстарына 200-ге жуық адам қатысты. Олар қураған шөптер мен ағаштарды жинап, аумақтағы шашылған қоқысты тазалады.

«Бұл акция тек тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес, тұрғындардың экологияға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған. Әрбір азамат табиғатты қорғауға жауапты, сондықтан біздің қаламызды таза ұстауға шақырамыз», – деді Партияның Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек.

Еліміздің бас шаһары – Астана қаласының Нұра ауданында да кезекті тазалық жұмысы ұйымдастырылды. Партияның Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы бастаған 30-ға жуық адам саябақ пен скверлерді қоқыстардан арылтты. Акция барысында қатысушылар аумақты тазалап қана қоймай, қала тұрғындарына экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.

Бұдан бөлек Алматы қаласындағы Алатау ауданында да тазалық жұмыстары жүргізілді. 20-ға жуық адам Шаңырақ-1 шағын ауданының аумағын тазарту жұмыстарына атсалысты. Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқын Алдамбергенова акцияның тұрақты түрде өткізіліп жатқанын және әрбір тұрғынды қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақыратынын атап өтті.

Бүгінге дейін партия мүшелері акция аясында еліміз бойынша 10 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Игі іс еліміздің барлық өңірінде экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру мақсатында тұрақты түрде өткізіліп келеді.