«Құдай үшін, көз жастарыңды көл қылып видео салмаңдаршы»: Меруерт Түсіпбаева жас қыздарға кеңес берді

Әнші әлеуметтік желіге жылап отырған видеосын салатын қыздарды сынады.

Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіге жылап отырған видеосын салатын қыздарды сынады, – деп жазды Aikyn.kz.

Өнер иесі қыздарды сабырлы болуға, көпшілікке көз жасын көрсетпеуге шақырды. 

“Қыздар-ау, кім болсаң да, желіге видео салып, ебіл-дебіл жылауды қойыңдаршы. Жиіркенішті. Қай жерден көріп, қай аталарыңнан естідіңдер қазақтың қызының дүйім жұрт алдында егілгенін?! Біздің аналарымыз басына қандай іс түссе де, сабырлық танытқан, көз жасын көл қылмаған. Жылаудың өзін жаман ырымға балаған. Жар салып, жер тепкілеп, қиындықтарын жайып салмаған. Көз жастарыңды сорғалатып, желіге видео салмай, жаныңдағы жарыңа, досыңа айт. Есікті тарс жауып, өзіңмен-өзің жыла. Тауға барып бар дауысыңмен айқайла, шарап іш. Трагедияны тұншықтыратын амал көп қой. Құдай үшін, көз жастарыңды көл қылып, видео салмаңдаршы. Сендер үшін жұрттан мен ұяламын. Онсыз да жетісіп жүрген адам жоқ. Күліп жүрейікші, қыздар! Сырымызды ішімізде сары майдай сақтап, құпиялы-сырлы жұмбақ әйел болып жүрейік. Біздің проблемаларымыз кімге керек?!”, – деп жазды әнші. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.