Танымал әнші Жанар Айжанова әлеуметтік желідегі оқырмандар Талғардағы «Хутор» деп аталатын банданың басшысы деп жүрген Хасан Қасымбаевпен түскен суретіне байланысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әнші ол суреттің қашан әрі қалай түсірілгенін білмейтінін айтты.
– Хасан деген бәле болды. Желкемнен келіп суретке түскен екен, мен енді арқамнан суретке түскен адамдарға жауап беріп отырмайтын шығармын. Маңдайында не деп жазулы тұрғанын қайдан білейін. Түссе анау, түспесе көкірек деп айтасыңдар. Құдіреттерің жетсе, сол Хасанды барып қол-аяғын байлап, менің алдыма әкеліңдерші. «Жазығым жоқ, үш баланың әкесімін, өзіммен-өзім шаруашылықта жүрген адаммын» деп, сұхбат беріп, сайрап отыр ғой. Айтатынымды оған да айтамын. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазаның маған не қатысы бар?! Сендер айтқаннан кейін біліп жатырмын оның Хасан екенін. Бір томпиған бала артымда тұр. Ол қай жылы түскен сурет, қай жерде түсірілген? Қасында тағы басқа да әншілер тұр, – деді әнші. (Жанар Айжанованың пікірі қаз-қалпында жарияланды - ред.)
Айта кеткен жөн, әлеуметтік желіде әнші Жанар Айжанова мен Хасан Қасымбаевтың бірге түскен суреті тараған еді. Осыған байланысты желі қолданушылары өнер иесіне ауыр сөздер жазған.