Ақтауда жедел жәрдем шақырған тұрғынға айыппұл салынды

Ақтаулық тұрғын 103-ке қоңырау шалып, пранк жасаған.

Ақтауда әзілдеп жедел жәрдем шақырған тұрғын 80 000 теңге айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы Маңғыстау облыcтық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқиға 14 қазан күні болған. Ақтаулық тұрғын 103-ке қоңырау шалып, көп мөлшерде дәрі-дәрмек ішкенін айтқан.

"Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткенде тұрғын "пранк" жасап, телефон соққанын айтты", – делінген хабарламада. 

Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабына сәйкес қоңырау жалған деп тіркелді. Арнайы қызметке көрінеу жалған қоңырау шалғаны үшін тұрғынға 80 мың теңге айыппұл салынды.