Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке МӘМС жүйесінің қолданыстағы моделі денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелерін толық шешпейтінін айтып, сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңы 2015 жылғы 16 қарашада қабылданды.
Ал елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылы енгізіліп, денсаулықты жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, медициналық көмектің сапасын арттыруға, халықты амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен, препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Халқымыз сұранысқа ие, қымбат, сапалы медициналық құрылғыларды, жаңа технологияларды және денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын толық пайдалануға қол жеткізді. Елімізде ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың бюджеттік-сақтандыру моделі қабылданды. Оның негізгі көздері – міндетті медициналық сақтандыру және бюджеттен қаржыландыру.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы саланың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы мемлекеттерде жалпы ішкі өнімнің 5-8% және дамыған елдерде кемінде 9% пайдалануды ұсынады. Қазақстанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бастып қаржыландыру 2,5 есеге өскеніне қарамастан, бұл көрсеткіш небәрі 3,7% құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қата Қазақстан Президенті 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында соңғы 5 жылда елімізде медицина сапасының жақсармағанын, қолжетімділіктің артпағанын, денсаулық сақтау саласы ресурстарының тиімсіз пайдалану орын алғанын айтқан болатын.
Өзекті мәселелерге байланысты VIII шақырылымның ІІ сессиясында Парламент депутаттары Ақмарал Әлназарова, Бибігүл Жексенбай, Асхат Аймағанбетов, Ержан Бейсенбаев депутаттық сауалдар жолдаған. Алайда сала мәселелері толық шешілмеген, сауалдарға жалпылама жауап берілген.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау мекемелері көптеген қордаланған мәселелерге тап болды және орталық органдар оларды шешуге жәрдемдесуі керек.
Мысалы, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы тәулік бойы стационар, стационарды алмастыратын көмек, консультациялық-диагностикалық қызметті шұғыл және жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін көпсалалы емдеу орталығы болып саналады. Талдықорған, Текелі қалалары мен облыс орталығына жақын аудандардың (Ескелді, Көксу, Қаратал және Текелі) тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді.
Аурухананың 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдайы бойынша, кредиторлық берешегі 1,2 млрд теңге, оның ішінде салық, коммуналдық қызмет төлемдері, медициналық қызмет, (зертханалық қызметтер, КТ, МРТ, бейінді мамандардың қабылдауы) кепілденген дәрілік заттар мен бұйымдарды, азық-түліктерді және басқа да сатып алу қарыздары. Медициналық ұйымның еңбек және қажетті емдеу ресурстарының жеткіліктілігіне қарамастан, қаржы тапшылығы оның толық жұмыс істеуіне, дамуына мүмкіндік бермеуде.
Қаржыландыру уақытылы немесе толық көлемде болмауы, келісімшартты орындауда бағалаудың сызықтық шкаласын қолдану аурухананың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуде. Атап айтсақ, есептік шкалаға сәйкес, 2021 жылы – 33,4 млн теңге, 2022 жылы – 294,2 млн теңге, 2023 жылы – 17,8 млн теңге, 2024 жылдың І тоқсанында – 11,0 млн теңге төленбеген.
Мекеменің 370 төсек-орны бола тұра, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жасалған медициналық қызмет көрсету келісімшарты бойынша 284 төсек-орны ғана қаржыландырады. Бұл жоспарлы емдеуді азайтуға (13%) және шұғыл емдеуге жатқызудың пайызын арттыруға (87%) әкелген. Есеп бойынша биылғы жылы барлық емдеу қызмет түрлерінен 1,3 млрд теңге көлемінде қаржы берілмеген.
Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысына сәйкес жыл сайын 2021 жылдан 2023 жылға дейін дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 25%-ға көтерілу тиіс еді. Алайда көрсетілетін медициналық қызметтердің төмен тарифі жыл сайын жалақыны бар болғаны 10%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Аурухана қызметкерлердің төленбеген (көтерілген) еңбекақы айырмашылығын (10-20%) өз қаражаты есебінен төлейді. 2021-2023 жылдары мекеме қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 298 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
Осыған орай, шығыстардың үлес салмағы өсуде, ал бұл өз кезегінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үшін қаржы тапшылығына, кредиторлық берешектің өсуіне әкеліп соғуда. Бұл жерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, азық-түлік, көлік, коммуналдық және өзге де қызметтер мен жұмыстардың бағасының өсуі, инфляция ескерілмеген.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 3 шілдедегі «Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» № 540 қаулысына сәйкес жұмыс беруші 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған әрбір қызметкер үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қосымша ай сайын кірістердің есептелген сомасынан 1,5% мөлшерде міндетті зейнетақы жарналарын төлейді (2024 жылғы есептік сома – 39 млн теңгені құрайды). Мониторинг көрсеткендей еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын шығыстардың үлесі – табыс сомасының 70%-ын, ал басқа шығындарды қаржыландыру шамамен 30%-ды құраған.
Ай сайын жалақыны төлеу кезінде шығыстардың басқа баптары бойынша кредиторлық берешектері өтелмей қалады, олардың негізгі үлесін аурухана ғимаратын күтіп-ұстау шығыстары құрайды.
Кәсіпорын басшылығы жоспарлы шығыстарды нақтылап, басымдыққа жатпайтын шығындарды тоқтатып, мерзімді уақыты бар қажетті шығындарды барынша қысқартуда. Кредиторлық берешекті азайту мақсатында жалақыға арналған шығындарды оңтайландыру, әкімшілік персоналдың лауазымдық жалақысын қысқарту, үстемеақылар мен өзге де төлемдерді алып тастау, шаруашылық бөлімінің қызметкерлерін қысқарту жүргізілген.
Сондай-ақ ағымдағы шығындар, сатып алынатын медициналық бұйымдардың көлемі қысқартылған, қолда бар тауарлар ескеріле отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қайта жоспарланған, өзге де жұмыстар мен қызметтерді сатып алу қатаң түрде бақылауға алынған.
Алайда қабылданған шаралар кредиторлық берешекті дербес өтеуге мүмкіндік бермейді, тек басқа мердігерлер алдындағы берешектің төлеу мерзімі ұзартылуда. Мысалы, Талдықорған қаласының емдеу мекемелері тек жылу беру кәсіпорнына 333,5 млн тенге қарыз.
Ең қиыны, қалыптасқан кредиторлық, салықтар бойынша қарыздарды төлей алмауы, тауарларды сатып алатын және қызметтерді орындаушы мердігерлердің сот тәртібімен берешегін өндіріп алуы және басқа да қаржы саласында болған кемшіліктер денсаулық сақтау субъектілерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде келесі жылға арналған қызметтерді сатып алу жөніндегі тендерлерге қатыса алмайтын жағдайға әкелуде.
Бұл – бір медициналық кәсіпорнының жағдайы. Ал республика көлемінде денсаулық сақтау субъектілерінің басым бөлігінде осындай жағдай қалыптасқан.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мекемелерінің сайттарында ақпараттардың толық берілмеуі, ашық болмауы, ондағы штаттардың шамадан тыс артықтылығы, еңбекақылары медицина қызметкерлерінің жалақысынан көп болуы қоғамдық-саяси ахуалға өз әсерін тигізуі мүмкін.
Кәсіби медицина мамандарының бірнеше емханада жұмыс істеуі және жоғарыда баяндалған кемшіліктердің салдарынан халқымыз өзіне тиселі сапалы қызметтерді ала алмайды. Скрининг жүргізу, аурулардың алдын алу толық қамтамасыз етілмеген.
Осыған байланысты, міндетті медициналық сақтандырудың тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды орындауда келесі мәселелерді ескерулеріңізді сұраймыз.
1. Денсаулық сақтау саласына қатысты ҚР Парламентінің VIII шақырылымның ІІ сессиясында Парламент депутаттары жариялаған депутаттық сауалдарды қайта зерделеп, толыққанды орындалуын қамтамасыз етулеріңізді;
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін трансформациялау бойынша заңдарға қатысты ұсыныс енгізулеріңізді;
3. Медициналық мекемелердің қаржылық жағдайын кешенді түрде шешуді, оның ішінде сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тариф мәселелерін қайта қарауды сұраймыз.
Құрметті Олжас Абайұлы! «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап күтеміз.