Тәуелсіздіктің соңғы ондаған жыл ішінде теріскей жұрты бірнеше есе кеміген. Әсіресе, шекараға жақын аумақтардағы тұтас ауылдар жаппай бос қалып, тек қирандыға айналған үйлер мен ауылдардың жанындағы қараусыз қалып қурай мен ошаған басқан зираттардың қалып жатқаны ащы да болса шындыққа айналған...
Тек соңғы он жыл ішінде ғана елімізде 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрі осы жылдың наурызында жария еткен. Министрдің мәліметінше, елімізде қазір 6 256 ауылды елді мекен бар. Онда шамамен 7,6 миллион халық тұрып жатыр.
Министрлік мұның негізгі себебі ауылдардағы күнкөріс деңгейінің тым төмендігімен түсіндіреді. Ауылдардағы кіріс деңгейі төмен адамдардың үлесі 7,2 пайызды, ал жұмыссыздық 4,7 пайызды көрсеткен. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 33 пайыз, яғни 1,2 миллионды құрап отыр. Министрлік «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңның талаптарына сәйкес жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша соңғы он жылда ауылды елді мекендердің саны 6 838-ден 6 256-ға дейін немесе 582 ауылға азайғанын растады. Жойылған ауылдардың қатарына негізінен 50 адамнан аз адам тұрған ауылдар кірген. Олардың халқы жақын маңдағы елді мекендерге қосылған.
Ауылдары қаңырап, туу көрсеткіші жыл санап ылдиға қарай құлдырап бара жатқан аймақ негізінен теріскей облыстар болып отыр. 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қолға алып, халқы біршама тығыз қоныстанған оңтүстік өлкелерден жұртын теріскейге қоныстандыруға күш салды. Сондай-ақ атажұртқа қайта оралған қандастарды да квота бойынша орналастыру саябырсығанымен, біртіндеп болса да жүргізіліп келеді. Дегенмен солтүстіктің халқының саны жылдан жылға азайып, демографиялық ахуал демігіп жатқаны анық. Өйткені теріскей облыстарға көшіп келген жұрттың көпшілігі күнгейге қарай қайтып кеткені осы жайтты аңғартады.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының халқы қазір 525 мыңға жетеғабыл. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, туу көрсеткіші жөнінен республика бойынша ең төмен деңгейде. Халқының табиғи кемуі жылдан-жылға еселеп артып барады. Осы жылдың қаңтар-тамызында облыс аумағында туған балалар саны 3 414 адам болса, қайтыс болғандар 4 024 адамды құраған. Көші-қонның айырмасы да теріс сальдомен қалыптасып, 4 813 адамды құраған. Әсіресе, шекара маңындағы ауылдар жау тиместен ыдырай сөгіліп жатыр. Жыл сайын ондаған ауыл карта бетінен мәңгілікке сызылып, көзден бұл-бұл ұшып жатыр. Статистикалық деректердің әрбірінің артында қаншама ауылдардың ащы тағдыры тұрғаны әрі олардың жағдайы мемлекет бюджетінен тиімсіз болуынан жарық, жол, су сияқты қарапайым игіліктерден де ада қалып жатқаны ақиқат. Солтүстік Қазақстан облысында ғана биыл тұрғындарының жалпы саны 50-ден аспайтын ауылдардың саны 140-қа жеткен. Яғни, осынша ауыл бірнеше жыл ішінде қу тақырға айналып, онсыз да азғантай халық тұратын иен дала тұтастай жалаңаштанатыны айдан анық.
Түйткілді мәселе «Күлтөбенің басында» күнде көтеріледі. Мәселен, осы жылдың ақпанында дәл осы тақырыпты қаузаған Үкімет сағаты өткен. Сол жиында Мәулен Әшімбаев теріскей облыстарды жаппай қамтыған жағдайдың басын ашып, баян етті. Оңтүстіктің тығыз орналасқан халқын солтүстікке қоныстандыру мемлекеттік бағдарлама күткен нәтижені бермеген. Солтүстік Қазақстан облысының ғана халқы 22,43 пайызға азаюы осыған нақты айғақ болмақ. 2000 жылдардан бері ғана бұл облыста 170 мыңға жуық азайған. Яғни, еліміздің ірі қалаларының бірінің халқы тұтастай жоқ болған деуге болады.
Елорданың дәл іргесінде орналасқан Ақмола облысында да демографиялық ахуал тұншығып тұр. Тіпті, жыл санап ауылдардың жаппай жабылып, халқының азаюымен қатар «қартаюы» дендеп келе жатқанын сырт көз бірден аңғара алады. Облыс аумағында 2019 жылы 602 ауыл болса, биылғы дерек бойынша 589 ауыл қалған. Яғни, өңірде соңғы 5 жылдың ішінде ғана 13 ауыл түп орнымен жойылып кеткен. Былайша айтқанда, жау тиместен тұтас елді мекендердің тозған бөздей ыдырай сөгілуі шекаралық аймақтардың жаппай жалаңаштана бастауына жол ашқан. Мұнымен қоса, әрине жабылуға таяу қалған ауылдардың саны да жыл санап еселеп өсе бастаған. Облыстық статистика департаменті ондаған ауыл халқының саны 50-ден аспайтын, яғни «болашағы бұлыңғыр» ауылдардың қатарына енгенін растады. Ауылдардың жабылып, өңірлердің демографиялық ахуалының нашарлауына мектептерде балалар санының азайып, білім ордаларының да жабылуы себеп болған. Биыл көші-қон айырмасы теріс болып, 1 300 адамға көшіп кеткен адамдардың саны көп болған.
Қостанай облысында да шекара маңында орналасқан ауылдардың жаппай қаңырап бос қалып жатқаны рас. Иесіз қалған ауылдардағы үйлер мен ғимараттар әбден тоналып, қирандыларға айналған. Мұнда да басты себеп – жұмыссыздық, ауызсу, жол, ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығы.
Өңірдегі былтырғы жылғы есептерге сүйенсек, Қостанай картасынан жақын арада тағы 25 ауыл жойылып кетпек. Атап айтқанда, Жітіқара ауданында бір ауыл, Қарабалық ауданында тоғыз ауыл, Қарасу ауданында екі ауыл, Меңдіқара ауданында бес ауыл, Сарыкөл ауданында үш ауыл, Федоров ауданында бес ауыл карта бетінен сызылады.
Демографиялық ахуал теріскей аймақтардың бірі Павлодар облысында да демігіп тұр. Соңғы дерек осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыста 752,9 мың адам бар. Халықтың туу көрсеткіші бұл өңірде де аса төмен. Жыл сайын 6,5-7 пайызға дейін төмендеп кеткен. Керісінше, өлім көрсеткіші мен қартаю ұлғая түскен. Сонымен қатар Павлодар облысында да көші-қон саласында теріс сальдо болып тұр. Көшіп келушілерге қарағанда 2 534 адамға көп болған. Негізінен, тұрмыс-тіршіліктің қамымен басқа өңірлер мен елдерге көшіп кеткен. Көшіп кетушілердің негізгі бөлігі бұл өңірде де ауылды аймақтардан болып отыр.
Теріскей аймақтардың бәрінде жалаңаштанған шекараға таяу ауылдар экономикалық тиімсіздіктен ауызсу, жол, жарық сияқты қарапайым игіліктерден де ада қалған. Салдарынан қыста жолсыз, тіпті жедел жәрдем көмегінсіз қалып жататын кездері аз болмайды. Түйткілді мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Оңтүстіктен солтүстікке көш» мемлекеттік бағдарламасының да тиген септігі аз.
Оңтүстіктен қоныс аударушылар теріскейдегі демографиялық жағдайдың түзелуі әрі экономикасының қайта қалпына келуі үшін бірінші кезекте келген адамдардың өңірдің қара топырақты, сулы-нулы жерінде ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысатын, осы салаларда өндірістен шыққан өнімді өңдейтін кәсіпорын ашуға бейім, сала мамандарын тарту арқылы бір оқпен екі қоян ату қажет деп есептейді.
Сол сияқты бір кездері болып, кейін алынып тасталған «Солтүстік коэффициентін» қосу қажеттігі де айтылмай қалмады. Өйткені расында да теріскей облыстардағы ішкі жалпы өнім мен халықтың қолына тиетін табысы өзге облыстарға қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл да өз кезегінде өңірдегі адамның ыңғайы келсе жақсы мекен іздеп басқа аймақтарға, әсіресе қалалы жерлерге көшіп кетуіне себеп болатыны айтпаса да түсінікті.
P.S.
Қысқасы демографиясы деміккен, экономикасы әлсіз, халқының саны азая әрі қартая бастаған теріскей аймақтардың тұрмысын түзеу бағытында бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін Үкімет осыған дейін болған қателіктерден сабақ алып, жалаңаштана бастаған ауылдарды қайта қалпына келтіруге болатын әрі экономиканы әртарапты етуге мүмкіндік беретін тың жобасы бар жоспарды жүзеге асыруы әрі дереу қолға алғаны жөн деген ойдамыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы