Бір қарағанда, небәрі 9,9 млн халқы бар Израиль «мыңмен жалғыз алысқан», жауын жайпап тауысқан алапат қайрат иесiндей көрінеді. Шынында, кеше «Walla!» басылымы «Еліміз депрессияда» деген азалы тақырыппен шықты. Израильдің Тәуелділік пен психикалық денсаулық орталығының есебінше, бұл ел тұрғындарының 9,5%-ы психикалық-жүйке жүйесі бұзылып, тиісті есепке қойылған.
Ашық аспан, бейбіт заман кез келген ел жұртшылығының жанын жадыратып, көңілін марқайтса керек. Керісінше, жан-жағын жаумен қоршаған, жер бетінен жойылып кетпеу үшін өмір мен өлім арасында арпалысқан мемлекеттегі тұрғындардың әр күні қапаста ауыздығымен алысқан асаудай мазасыз, алаң көңілде өтері даусыз. Тәуелділік пен психикалық денсаулық орталығының (ICA) есебінде айтылғандай, 2023 жылғы қазанда «Хамас»-қа қарсы «Темір қылыштар» соғысы басталғалы, бір-ақ жыл ішінде Израильде есепке тұрып, седативті заттар қолданатын азаматтар саны 2,5 есеге күрт өскен.
ICA зерттеуі бұл мемлекетте ішімдік, есірткі сияқты тәуелділік тудыратын заттарды тұтынатын, психикалық жай күйін жасанды түрде өзгертуге ұмтылатын, аддиктивті мінез-құлқы ушыққан, сондай-ақ посттравматикалық симптомдары бар тұрғындардың үлесі 25%-ға жеткенін әшкереледі. Газа секторындағы соғыс Израильдің жас ұрпағына соққы болды: ICA орталығының зерттеуі көрсеткендей, 18-26 жастағы жастардың 27%-ының, 27-39 жастағы азаматтардың 20%-ының – психикалық денсаулығында «ауыр формадағы симптомдар» тіркелген. Аталған орталықтың профессоры Шаули Лев-Ран: «Израиль қоғамының психикалық денсаулығы үшін соғыстың салдарлары кең ауқымды болатынын, сондықтан алдын алуға және тиімді сауықтыруға арналған әлеуметтік, медициналық бағдарламалар қажеттігін» ескертті.
Израиль үкіметінің өз халқына мойын бұруға, дәуірдің бұл сынағына лайықты үн қатып, сайма-сай жауап іздеуге уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Ол Иранмен соғысқа дайындыққа бас қатырып жатыр. Дәл осы кезде оның өзге көршілерімен қақтығысы ушықты. Шетелдік ақпарат құралдары Газа секторындағы ахуал қайта күрделенгенін жазды: ондағы Цахалдың (Израильдің қорғаныс армиясының) жауынгерлеріне шабуылдар үдеген. «Хамастың қайта топтасуына жол бермеу үшін» деген сылтаумен Израиль әскері екі апта бұрын Газа секторының бұрын босатқан солтүстік өңіріне шапқыншылығын қайта жандандырып, Джабалия ауданында қиын-кескі шайқасқа килікті.
Таяуда басталған Ливанға қарсы соғысы қызған шағына жетті. Цахал «Хезболла» тобына қарсы әуедегі және жердегі шабуылдарын күшейтті. Би-Би-Си жазуынша, «Хезболла» – бүкіл әлемдегі мемлекеттік емес ең қуатты қарулы топтардың бірі. Палестиналық «Хамасты» жоя алмаған Израильдің ливандық «Хезболланы» түбегейлі құртуға күші жетуі неғайбыл. Бұл қарулы топ жуырда, иудейлер үшін қасиетті «Йом Кипур» мерекесінде Израильге үстемелете соққы беріп, бірнеше жүз зымыранмен, дрондармен атқылады. Оның көбісін әйгілі «Темір күмбез», авиация тұтып жойды.
Бірақ израильдік сарапшылар оның да сыр бере бастағанын ашық айтады. Мысалы, апта басында The Times of Israel жариялағандай, «Хезболла» Израильдің Биньямин ауданындағы әскери базасына дрондармен соққы беруі салдарынан 70-ке жуық жауынгері жараланды, кем дегенде төрт солдат қаза тапқан.
Израильдің әуе шабуылына қарсы жүйесі деградацияланып, күйреуі мүмкін екенін түсінген АҚШ Украина қиыла сұрағанда бермеген THAAD жүйесінің тұтас батареясын – америкалық мамандарымен бірге Израильге барынша шұғыл жолдауға шешім қабылдады. Бұл жүйе сондай-ақ Иран тарапынан күшейген қауіп-қатермен күреске де жұмылдырылады. Ресми Тегеран америкалық әскери әуе күштері Израильге кірмеуі тиістігі жөнінде Вашингтонға ескерту жасады.
Бұған жауап ретінде Пентагон өкілі, генерал-майор Пэт Райдер әуе қорғанысына арналған THAAD батареясы Израильде тікелей президент Джо Байденнің нұсқауымен өрістетілетінін мәлімдеді: «Бұл қадам Израильді Иранның кез келген баллистикалық зымыран шабуылынан қорғаудағы Құрама Штаттардың темірдей беріктігін паш етеді», – деді Райдер. Осының алдында, биылғы 1 қазанда Иран Израильге қарай 180 зымыран ұшырған болатын. Онысы жауына көп зардап әкеле қоймады.
АҚШ Конгресінің Зерттеу қызметінің сәуірдегі есебіне жүгінсек, америкалық армияда қазіргі кезде THAAD-тың 7 батареясы ғана бар. Оның әрқайсысы жүк көліктерінде орнатылған 6 ұшыру қондырғысынан, 48 зымыран тұтқыштан, сондай-ақ радиолокациялық жабдықтардан тұрады. Оның әрбіріне қызмет көрсету үшін 95 маман-солдат талап етіледі. THAAD 150-200 шақырым радиустағы аумақты бақылай алады.
Тель-Авивте тұратын экс-қазақстандық, инженер Рифхат Жұмағалиев жергілікті халықтың көңілі алаңдаушылыққа толы екенін айтады.
– Соғысқа қарсы қалың-нөпір халық қатысатын шерулер жиі өтіп тұрады. Бір топ әскери де наразы үндеу жолдап, дүйім жұртты дүрліктірді. Бірақ билік Иранға қарсы соғысқа тоқтаусыз әзірленіп жатыр. Билік пен оппозиция бұл мәселеде бірауызды және кең консенсус бар: Иранның сәуірден бері екінші рет баллистикалық зымырандарымен жаппай атқылауы Израильге басқа жол қалдырмады. «Израиль Иранға шабуыл жасай ма?» деген сұрақ жоқ. Күн тәртібінде тек: «Қашан және қалай соққы жасайды?» деген сауал ғана бар, – деді Р.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, Цахал-ды шұғыл қимылдаудан тек Америка тежеп тұр: 5 қарашада АҚШ-та Президент сайлауы өтеді. Израиль дұшпанын әлсірету үшін Иранның мұнай өндірісі секторына, құбыр жүйелеріне соққы берсе, әлемде қара алтын бағасы шарықтап кетеді. Құрама Штаттарда электорат энергия ресурстарының қымбаттауына төзбейді және сайлауда соған жол берген биліктің қарсыласын қолдайды. Билік басындағы Демократиялық партия бұған жол бергісі келмейді.
«Картаға қарасаңыз, Израиль мен Иран арасында Йордания, Ирак мемлекеттері жатқанын байқайсыз. «Хаарец» (израилдік газет) жазуынша, Иран мен Израиль арасы 2 362 шақырымнан асады. Ұшақтар Иранға жақындап, әуеден барынша дәлдікпен зымырандық соққы беріп, кері қайта алуы үшін оларға әуеде жанар-жағармай құюшы америкалық арнайы ұшақтар мен дрондар қажет болады. АҚШ-тың келісімі осы үшін де керек», – деді бұрынғы отандасымыз.
Осы орайда The Washington Post жағдаймен таныс дереккөздеріне сілтеме жасап, бұл тұрғыда президент Джо Байден Израиль премьері Биньямин Нетаньяхумен ымыраға қол жеткізгенін хабарлады. Оған сәйкес, алдағы шапқыншылығында Израиль Иранның ядролық және мұнай объектілеріне соққы жасамайды және жауының әскери нысандарымен шектеледі. Америкалық сарапшылар ирандық мұнай нысандарына соққы әлемде энергиялық ресурстар бағасының шарықтауына, ал ядролық объектілерге шабуыл – соғыстың ары қарай эскалацияланып, шиеленіске АҚШ-тың кең тартылуына соқтырады деп алаңдайды. Сол себепті Байден қазан айының басынан бері Израильді сабырға шақырып, «басқа нұсқаларды қарастыруға» үндеді.
«Израильдің Иранға жауабы оның АҚШ-тағы сайлауға саяси ықпалын болдырмайтындай сипатта болуы тиіс. Өйткені израильдік соққының ауқымы Америкадағы президенттік доданың барысын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Нетаньяхудың асығыс емес, ұстамды ұстаным танытуы АҚШ президентінің Израильге THAAD зымыранға қарсы қуатты қорғаныс жүйесін бағыттау шешіміне оң әсер етті. WP дереккөзінің мәліметінше, Израильдің Иранға шабуылы 5 қарашада өтетін президенттік сайлауға дейін жүзеге асырылуы тиіс», – деп жазады The Washington Post.
Америкалық басылымның байламынша, Израиль өз территориясын үстемелете атқылауға мүлдем жауап бермесе, Тегеран мұны «қорқақтық, әлсіздік» деп түсінуі және шабуылын қайталауы мүмкін. Мұның сыртында АҚШ-пен кеңес-консультациялары кезінде Израиль «Ливандағы әскери операцияларын таяу апталарда тоқтататынын» жариялаған. Сөйтіп, ол барлық күш-жігерін Иранмен қақтығысқа шоғырландыруы ықтимал.
Ал Нетаньяхудың досы, АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп керісінше, Израильді Иранның ядролық объектілеріне аяусыз соққы беруге шақырды: «Алдымен ядролық объектілерін күйретулерің қажет, қалғанына кейін бас қатырасыңдар!» – деді Трамп сайлауалды митингте.
Израильдік саясаттанушы Уди Эцион өз елінің Иранмен соғысқа 20 жыл бойы дайындалғанын жазады. Оның дерегінше, өткен айда Израиль F-15 ұшақтарымен өз шекарасынан 1 800 шақырымда, көрші Йемен аумағындағы нысаналарды шабуылдады. F-15 жойғыш ұшақтары әу бастан жаудың авиациясымен күреске арналған. Алайда Израиль оны америкалық және израильдік қару түрлерімен жердегі нысаналарға зымырандық-бомбалық соққы беруі үшін қайта жабдықтап шықты.
«Израильді Иранмен де Йеменмен арадағыдай қашықтық бөліп тұр. Бірақ ирандық ядролық және әскери объектілерді шабуылдау – төтенше күрделі міндет. Баллистикалық зымырандардың қоймалары, ядролық нысандар жер астында терең жасырылған. Бұған қоса, Иран негізінен өзі әзірлеген заманауи әуе қорғанысы құралдарына ие. Ол Израильдің ұшырған зымырандарын қағып түсіре алуы мүмкін», – дейді Уди Эцион.
Израильмен қақтығысқа Тегеран да дайындалып жатыр. Бұл елде көп нәрсе құпияға жатқызылғандықтан, әзірліктің қандай күйде екені белгісіз. Шетелдік және ресейлік ақпарат құралдары Мәскеудің оған осы айда заманауи С-400 «Триумф» зениттік зымыран кешенінің дивизионын жеткізгенін хабарлады. Сондай-ақ ирандық басылымдар жергілікті ғалымдар мен мамандар әзірлеген зениттік зымыран кешендері ресейлік С-300 кешендеріне жол бермейтініне сендіреді.
Бұдан бөлек, ирандық әскери-әуе күштерінің ұстынын ескірген ресейлік МиГ-29 жойғыш ұшақтары және америкалық F-14 «Фантомдар» құрайды. Соңғыларын АҚШ шах тұсында, Иран зайырлы мемлекет болған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары берген. Каспий бойынша бұл көршіміздің қолында 2,5 мың шақырымға ұша алатын қанатты зымырандары бар.
Оларды тұту үшін Израиль америкалық Lockheed Martin-мен бірлесіп, F-15I («Раам») және F-16I («Суфа») ұшақтарын жетілдірді, олар енді 4 сағатқа дейін тоқтаусыз ұша алады. Израильдің әскери авиациясының басты қаруы – америкалық F-35 бомбалаушы истребительдерін кемеліне келтіріп, жаудың әуе қорғанысы күштері үшін көрінбейтін етті (F-35-тің оригинал қосымша бактары оның жасырынуына кедергі келтіреді).
Құрлықта шекарасы шектеспейтіндіктен, Иран мен Израиль өз ұшақ, зымыран, әуе қорғанысы жүйелерін сұрапыл әуе шайқастарына әзірлеп жатыр. Бұл соғыстан екеуінің де жеңімпаз шығуы неғайбыл. Себебі әскери шиеленіс экономикаларына алапат соққы берері даусыз. Кеше Израильдің Орталық статистика басқармасы елдің ЖІӨ өсімі 2024 жылғы ІІ тоқсанда нөлге түскенін (бар-жоғы 0,3%) жариялады. Ендеше бейбіт күннен артық ештеңе жоқ, тек бейбітшілік қана бақуатты болашаққа, ынтымақ қана ырысқа, татулық қана тұрақты дамуға жол ашады.
Айхан ШӘРІП