Рақымжан Қошқарбаев жайлы естелік: «Батырдың тізесінде отырып, тәрбие алдым....»

Рақымжан Қошқарбаевты көзі көрген, оның өмірі мен ерлік жолынан тәлім-тәрбие алған Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын 79 жастағы Жақсылық Дакенов есімді ақсақал өте құнды естелік айтты.

Келесі жылы жер шарындағы бүкіл адамзат баласына үрей туғызған екінші дүниежүзілік соғысының басты майдан даласына айналып, 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысына 80 жыл толады. Гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы 1418 күнге созылған сол соғыстың жеңісіне жетудегі қазақтан шыққан ержүрек батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігі көпшілікке мәлім. Сұрапыл соғыс жылдарында жанындағы қарулас досы Григорий Булатовпен бірге, немістік фашистер бекінісінің бұзылмас қамалына айналған Рейхстагқа табан тіреп, ең бірінші болып Жеңіс туын желбіреткен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы орайда, Рейхстаг қабырғасына ең алғаш Жеңіс Туын ілген қазақ халқының мақтанышы, ержүрек қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты көзі көрген, оның өмірі мен ерлік жолынан тәлім-тәрбие алған Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын 79 жастағы Жақсылық Дакенов есімді ақсақалмен сұхбат жүргізген едік. Сол сұхбаттың мәтінін көпшілік оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

– Армысыз, Жақсылық ата!Қазақтан шыққан батырымыз, Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың көз алдында есейіп, ер жеткен сізбен жүздескенімізге өте қуаныштымыз. «Жүз рет естігенше, бір рет көргенің артық» демекші, сізге сонау «әскери қалашық» деген атпен танымал алыстағы Приозерск гарнизоны орналасқан Приозерск қаласынан арнайы келіп жеткенімді жеткізгім келеді. Менімен бірге осы кездесуге Балқаш қаласындағы «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің «Жас өркен – жастар медиасы» орталығының жас тілшілері де келіп отыр.  Сіз өзіңіз қашан, қай жерде дүниеге келдіңіз?

– Мен, жаудан тайсалмаған батыр жауынгерлеріміз соғыста Жеңіске жеткен, 1945 жылдың мамыр айының 28 жұлдызында дүниеге келген екенмін. Туған жерім – Тасарал ауылы. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Тасарал ауылы бүгінгі күнде Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданының құрамына енгізілген. Қазіргі таңда Балқаш қаласында тұрамын. 79 жастамын. Үш қызым бар. Отбасымызда анаң Қисықова Есенбала Сейітуамалқызы екеуміз 3 ұл мен 1 қыздан құралған немерелерге бас-көз болып отырмыз.

– Менің сізбен осы сұхбатты жүргізуіме ой-түрткі болған Республикалық «Хабар» телеарнасында түсіріліп, еліміздегі әлеуметтік желіде жарық көрген «Өмір жолы. Рақымжан Қошқарбаев» тақырыбындағы бейнетүсірілім еді. Сіз оған не дейсіз?

– Иә, білемін. Жақсы таныспын. Ол жарық көрген материалда алдымен: «....дегенмен, Рақымжан батырмын деп кеуде соқпады. Ту тіккенін жария етіп ешкімге айтпады, елге Ақмолаға оралды. Соғыстан кейінгі ауыл өмірі жадау (жүдеу) еді. Елдің бәрі жан бағудың қамымен жүрді. Рақымжан да бірден жұмысқа араласты. Сөйтіп, көп ұзамай Гүлжиһан есімді бойжеткенді ұнатады. Рақымжан өте келбетті, батыр тұлғалы жігіт болған. Қыз да ел мақтаған жігіттің етегінен ұстап кете барды» деп суреттесе, одан әрі бейнетүсірілімде: «Үйлене салысымен ерлі-зайыптылар Мойынты-Шу теміржол құрылысына жұмысқа келеді. Сарышаған стансасында тұрады. Жас отбасына үй береді. Жұмыс беріп, жағдайлары түзеледі. Бірақ бұл бақытты күндері ұзаққа бармайды. Аяғы ауыр Гүлжиһан баланы босану үстінде көз жұмады. Рақымжан кішкентай шақалақпен жалғыз қалады. Ұл бала еді, бірақ сәбидің де күндері санаулы екен. Алты айлық кезінде шетінеп кетті. Таудай тұлға бір сәтте шөгіп қалады. Тағдырына налиды. Мең-зең күй кешеді» деп көрсетілген.

Мен де қарап отырмай, осы бейнетүсірілімді көрген соң, жан-жақты іздене бастадым. Сенсеңіз, бір-екі ай бойы қанша талпынсам да, жолыққан адамдардан көңілге қонарлық ешқандай материал таппай қор болдым. Содан бір күні сәтін салып, жолға шығып едім, маған Приозерск қаласы мен Сарышаған арасындағы жолаушыларды тасымалдайтын Жұмағали есімді такси жүргізушісінің кезігіп қалмасы бар емес па?! Жолда сол маған бәрін баяндап берді. Содан сіздің тұратын мекенжайыңызды анықтап, бүгін міне, сізбен арнайы жүздесу үшін Балқаш қаласына келіп жеттім. Сіз сол Жұмағалиды танисыз ғой?

– Әлбетте, жақсы танимын ғой Жұмағали інімізді. Ол – Сарышаған стансасының бұрыннан бері тұрып келе жатқан тұрғындарының бірі. Көп нәрседен хабары бар...

– Ендігі кезекте, Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен Рақымжан Қошқарбаеты қашан, қай кезде көргенімді баяндап берейін. Біз барша халық танитын, Жеңіс Туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімін жақсы білсек, менің де Рақымжан Дакенов деген үлкен ағам бар еді. Екеуі де есімдері аттас болғандықтан шығар, бір-бірін туғанындай жақын көріп, жақсы сыйлас болды. Қос Рақымжанның таныстығы Ұлы Отан соғысының алдында, Балқаштағы фабрика-зауыт училищесінде бірге оқып жүрген кезінде басталған екен. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, әскер қатарына шақырылғандар қатарындағы Рақымжан Қошқарбаев офицерлерді даярлайтын Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы әскери оқу орнына жіберілсе, менің ағам Рақымжан Дакенов Қиыр Шығыстағы майданға аттанады. Майдан даласынан аман-есен елге келе жатқан ағам Рақымжан жолда пойыз ішінде байырғы сырласы Рақымжан Қошқарбаевпен кездесіп қалып, екі дос қайтадан қауышады. Өздерінің туған елдеріне жеткен соң, екі дос бір-бірімен хат жазысып, хабар алып тұрады. Менің ағам досына жазған бір хатында Рақымжан Қошқарбаевқа осында Мойынты-Шу теміржолы құрылысының басталғанын жазып, өзінің Сарышаған стансасында еңбек етіп жүргенін жеткізеді. Көп ұзамай Рақымжан Қошқарбаев та жетіп, менің ағам Рақымжан Дакеновпен бірге теміржол құрылысына бел шешіп кіріседі.

– Демек, сіз батыр тұлғасындағы Рақымжан Қошқарбаевты дәл сол кезде көрген боларсыз?

– Өз отбасымыздың  үлкендігін көрсете білген ағам Рақымжан алыс Тасарал ауылында қалған бізді, үй-ішімізбен бірге осы Сарышаған стансасына көшіріп әкеледі. Рақымжан Қошқарбаев менің үлкен ағаммен бірге жүріп, бірге еңбек етеді. Мен ол кезде бар-жоғы 5-6 жастағы бала едім. Көп кешікпей Рақымжан Қошқарбаев та үйленді. Оларға шаңырақ көтерген жас отбасы ретінде үй берілді. Менің білетінім, ол кезде жергілікті тұрғындар ауызсуды Балқаш көлінен таситын еді. Рақымжан Қошқарбаевтың жұбайы Гүлжиһанның аяғы ауыр, суды таси алмайтындығынан, мен онымен көлге бірге барып, су алып келуіне көмек беретінмін. Мамандығы мұғалім Гүлжиһан анамыз бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. Бірде аяғы ауыр Гүлжиһанның толғағы қысып, менің анамды шақыртқаны есімде.... Анамның соңынан қалмай, мен де қоса бардым. Ауыр жағдайдағы Гүлжиһанға анамның көмектескенін және оны ауруханаға алып кеткенін көзім көрді. Одан кейін Гүлжиһанның қайтыс болып, жерленгені еміс-еміс есімде қалғаны бар.

Отбасымыздағы менен үлкен марқұм Амангелді ағамның айтып кеткен естелігі бойынша Гүлжиһан анамыз Приозерск қаласынан Сарышаған стансасына қарай шыға берістегі жолдың сол жақ қанатында орналасқан Исабектің Ақтайының шабындығындағы жалғыз төбенің басына апарып, арулап жерленген екен. Арада жарты жыл өткенде Рақымжан Қошқарбаев шетінеген ұл баласын анасының қасына жерлепті.

– Сіз сол кезде бар-жоғы 5-6 жастағы бала болсаңыз да, біз үшін қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты көзі көрген жан ретінде қалатындығыңыз анық. Енді сіз, бүгінгі 80 жасқа бір табан жақын қалған шағыңызда, төрт жылға созылған сұм соғыстағы қол жеткізген Ұлы Жеңістің ең алғаш Туын желбіреткен, қазақтан шыққан ержүрек Рақымжан Қошқарбаевтың батыр тұлғадағы бейнесін, егеменді еліміздің өскелең ұрпағының алдында қалайша суреттеп берер едіңіз?

– Мен, өз басым Рейхстагта Жеңіс Туын ең алғаш желбіреткен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолынан көп сабақ алдым. Рақымжан Қошқарбаев өте балажан еді. Өзінде бала болмаған соң болар, бізге бала кезімізде көп қамқор бола білді. Мені алдына отырғызып алып, менен үлкен ағам Амангелдінің сабағын қадағалайтын. Батырдың тізесінде отырып, тәрбие алдым десем де болады. Үнемі бізге дұрыс бағыт-бағдар беретін еді.

Әлі есімде, бала кезіміздегі біз тұратын Сарышаған стансасында да соғысқа қатысқандар көп еді. Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, менің ағам Рақымжан Дакенов және тағы да басқа соғысқа қатысқан ардагер ағалар бәрі жиналып алып, бастары қосылған ортада майдан даласындағы ерліктерін жырлап айта бастайтын еді. Ойын баласы емеспіз бе, содан қызықты көріп, тыңдау  үшін ат шапқылап біз де жететінбіз. Содан әңгіме-дүкен басталады. Біреуі танкімен жауды атқылағанын айтса, екіншісі ұшқыш ретінде жау төбесінен қаншама бомбалар тастағанын айтып жырлайды. Ал тағы біреуі басын көтеріп, өзінің мерген болғанын айтып мақтанса, тағы біреуі зеңбіректен бірнеше рет неміс жауынгерлеріне оқ жаудырғанын айтып шіренеді. Сол әңгіме қызған шақта Рақымжан Қошқарбаев орнынан тұрып: «Мен Рейхстагқа Ту тіккенмін» дейтін еді. Сонда қасындағылары: «Ей, сен өтірік айтпа, Жеңіс Туын тіккен сен емес, Егоров пен Кантария еді» деп жеңістік бермейтін еді. Сонда Рақымжан ағамыз мырс етіп, күлетін де қоятын. Енді ол кезде тарих солай солақай тұсқа бұрмаланған соң, көнбеске амал бар ма?! Шындық қап түбінде жата бермесі анық. Қазір енді қазақтан шыққан Рақымжан Қошқарбаев пен оның қарулас досы Григорий Булатов екеуінің Рейхстаг қабырғасына ең алғашқы болып Жеңіс Туын қадағанын қалың көпшілік мойындап отыр.

Сондықтан да ел келешегі өскелең ұрпаққа менің де айтарым көп... Рақымжан Қошқарбаев – қазақ халқының мақтанышы. Кеңес Одағының Батыры атағына қол жеткізбесе де, елі Рақымжан батырын көкке көтеріп «Халық Қаһарманы» атағын берді. Еліміздің төрінде еңселі ескерткіші бой көтерді. Көптеген қалалар мен елді мекендерде Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектептер мен көше атауларының қатары көбейіп келеді. Алдағы күндеріне зор сеніммен қарайтын жас жеткіншектеріміз барда Рақымжан есімінің мәңгі жасай беретініне сенімдімін!

– Сұхбат беруге келіскеніңізге көп рақмет! 1945 жылы Рейхстагқа Жеңіс Туын ең алғаш желбіреткен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев атамыздың туғанына 100 толуы құтты болсын! Келесі жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толуымен қатар, сіз де 80 жасқа толады екенсіз. Сізге өмірдегі бар бақытты тілейміз! Денсаулығыңыз мықты болсын, 100 жасаңыз!

 

Сұхбаттасқан Тілек КЕНЖЕБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Қарулы

Күштерінің  ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы  

Приозеск қаласы,

Сарышаған бекеті,

Балқаш қаласы