Астанада бүгін "Мисс Астана – 2024" байқауының финалы өтіп, елордадағы ең сұлу қыз анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биыл "Мисс Астана" сұлулық байқауының гранд-финалы Astana Music Hall сахнасында өтті.
1-орынды 19 жастағы Ясмин Байболова жеңіп алды. Ол – Қазақ ұлттық хореография академиясының түлегі. Жеңімпаз тәж және 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Байқау серіктестері одан бөлек, оған 1,5 миллион теңгеге тон сатып алуға сертификат, сондай-ақ сұлулық клиникасына 500 мың теңгелік сертификат және басқа да сыйлықтар табыстады.
Енді Байболова Алматы қаласында өтетін ұлттық "Мисс Қазақстан" сұлулық байқауында елорданы таныстырады. Байқау The Art of Being a Woman ("Әйел болу өнері") ұранымен өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Мисс Астана" байқауы қыздарға сыртқы сұлулығын ғана емес, сонымен бірге ішкі күш-қуаты мен жоғары моральдық принциптерін ашуға мүмкіндік береді.