«Жарқын күз»: Алматыда қазақ эстрадасының жұлдыздары сенбілікке шықты

Қаладағы 8 аудан тұрғындары көше тазалау мен ағаш отырғызу жұмыстарына белсенді атсалысты.

Алматыда эстрада жұлдыздары, жастар ұйымдарының өкілдері және бейжай қарамайтын қала тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Жарқын күз» ауқымды науқанына қатысты.

Сенбілікке Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев және әнші Абай Бегей қатысты. Әртістер қала тұрғындарын тазалықты сақтап, қалаға қамқорлық жасауды сенбілік күндері ғана емес, үнемі жүргізуге шақырды.

Айта кетейік, экологиялық акцияға барлығы 10 мыңнан астам қала тұрғыны қатысып, 300-ден астам техника, сондай-ақ 1 755 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды. Қаланың әр түкпірінде 10 мыңнан астам көшет егілді, оның 1 200-і Алатау ауданындағы ALA жаңа саябағына отырғызылды.