Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пікірсайысшылар қоғамдағы өзекті сұрақтарды ортаға салуда. Ол «AMANAT» партиясының кубогына арналған «AMANAT CUP» XХIІ Республикалық пікірсайыс турнирі аясында өтіп жатыр.
Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырып жатқан турнирдің ашылу салтанаты өтіп, сөз шешендері 1 күнді артта қалдырды. Пікірсайыс турнирі 3 негізгі ойын форматы бойынша өтіп жатыр. Қатысушылар 3 000 000 теңге көлеміндегі жалпы жүлдеқор мен кубокқа таласуда. Ойында 120 жастан жиналған 60 фракция (қазақ-орыс) Британдық, Америкалық және ЛД форматында ойнауда.
«Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, тұрақты түрде өткізелетін турнир биыл 25 қазан - Республика күніне орай ұйымдастырылуда:
«Жыл сайын пікірсайысшылар асыға күтетін турнир биыл ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында өтіп жатыр. Еліміз бойынша ойынға 100-ден астам жас қатысуға ниет білдірген болатын. Пікірсайыста талқыға салынатын қарарлар да атаулы тақырып төңірегінде, қоғамдағы әлеуметтік-саяси, экономика, экология, цифрлық даму және өзге де мәселелер бойынша таңдалып алынды. Партия мен Жастар қанатының алаңында ойы ұшқыр, сөзге шешен жастарды жинап, маңызды мәселелерді көтеру, шешу жолдарын табу дәстүрге айналғанына бірнеше жыл болды десем қателеспеймін. Осы 2 күн бойы қазақ, орыс фракциялары зияткерліктерін шыңдамақ», - деді Ақерке Искандерова.
І орын иеленген жеңімпаздарға 600 000 теңге, ІІ орынға 400 000 теңге, ІІІ орынға 200 000 теңге берілсе, «Үздік спикерге» 200 000 теңге және «Үздік төрешіге» 100 000 теңге номинациялары бойынша ақшалай сыйлық табысталатын болады.
Айта кетеміз, турнир үшінші жыл қатарынан Жастар қанатының серіктесі Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының Еуразиялық өңірлік орталығының қолдауымен өтіп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.