Ақтөбе мен Орск арасында жолаушы тасымалдаған 37 жастағы такси жүргізушісі төрт адамның өліміне себепкер болған, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқиға барысында жолаушылардың бірі жерлеуге, бірі университетке жол тартқан, ал тағы екеуін үйінде жақындары күтіп отырған еді.
Диапазон басылымы жазғандай, 5 маусым күні Toyota Alphard автокөлігін басқарған жүргізуші алты жолаушыны алып, Ресейге бет алған. Жолда оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтауға қатысты профилактикалық әңгіме жүргізген.
Алайда ауыл маңында көлік аударылып кетіп, апат салдарынан төрт әйел қаза тапты. Екі жолаушы мен жүргізуші аман қалды.
Жүргізушінің жоғары жылдамдықпен көлік басқарғаны және рульге ие бола алмағаны анықталды. Ол сотта өзінің кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.
Жол-көлік оқиғасында аман қалған куәгерлердің бірі жүргізушінің апат алдында телефонмен сөйлескенін айтты.
Сот такси жүргізушісіне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.