Шымкентте баланы ұрып-соққан тәрбиеші жазаланбайтын болды

Ол «тәрбиелеу мекемесі жұмыскерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту» бабы бойынша айыпталған еді.

Балабақшада бүлдіршінді ұрып-соғып, тіпті аяғынан сүйреп, қатыгездік танытқан тәрбиеші қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ол «тәрбиелеу мекемесі жұмыскерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту» бабы бойынша айыпталған еді. Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденсе де, тәрбиеші мен жәбірленуші тараптың татуласуына байланысты оған ешқандай шара көрілмейді.

«Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Онымен татуласып, оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты сот ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - деді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, оқиға қыркүйек айында болған еді. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан тәрбиешінің бүлдіршінді белгісіз затпен ұрып, аяғынан сүйрегенін көруге болады. Болған оқиғадан кейін балабақша қызметкері бірден жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM  арнасынан табасыз.