21 қазанда АҚШ астанасы Вашингтондағы Америка сыртқы саясаты кеңесінің ғимаратында америкалық шығыстанушы Фредерик Старрдың «Өз заманының генийлері. Ибн Сина, Бируни және ұмытылған ұлылық» атты еңбегінің қазақ тілді нұсқасы таныстырылды. Аталмыш кітап Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен аударылып басылды. Таныстырылым Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен өтті.
«Өз заманының генийлері. Ибн Сина, Бируни және ұмытылған ұлылық» («The Genius of Their Age: Ibn Sina, Biruni, and the Lost Enlightenment») – Шығыс ағартушылығының көрнекті өкілдері – Ибн Сина және Бирунидің түрлі ғылым саласына қосқан өлшеусіз үлесі мен ғибратты ғұмырлары баяндалған еңбек. Бұған дейін «Қазақ тілі» қоғамы оқырманға автордың «Ұмытылған ұлылық: Орталық Азияның араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры» атты бірінші кітабын қазақ тілінде ұсынды. Бұл кітаптар Орта Азия елдерінің ортақ зияткерлік мұрасы мен тарихына арналған.
Орталық Азия өңірі үшін аса маңызды туындыны қазақ тіліне аударуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласы түрткі болды. Президенттің Орталық Азия елдерінің ортақ мақсаттары мен болашағы жайлы идеясын дамыта түсетін шығыстың қос ғұламасының әлем ғылымы мен адамзат ақыл-ойының дамуына қосқан үлесі баяндалған құнды еңбек қазақ тіліне аударылып, оқырманға ұсынылып отыр.
Жиынға кітап авторы, америкалық шығыстанушы Фредерик Старр, Freedom Holding Corp. Директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Келімбетов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты.
«Орталық Азияның адамзат ғылымы мен біліміне қосқан зор үлесін тамаша мысалдармен, нақты дәйек-дәлелдер арқылы баяндайтын мұндай еңбекті қазақ тіліне аударудың, меніңше маңызы зор. Өз еліміздегі қауым да, әлемдегі оқырмандар да Орта Азияны үлкен білім мен ғылым ошағына айналдырған энциклопедист-ғалымдарының өмірі және жасаған қызметі туралы білуі керек. Сондай-ақ, Орта Азияның осындай 500 жылдық «алтын ғасырына» алғышарт болған не және оның тоқырауына алып келген не деген сұрақтарға жауап іздеуіміз қажет», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Өз заманының генийлері. Ибн Сина, Бируни және ұмытылған ұлылық» туындысын Қазақстанның ашық кітапханасы – Kitap.kz порталынан тегін оқуға болады.