Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ел президенттері қол жеткізген екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Өнеркәсіптік кооперация, су, энергетика, транзит және көлік, газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда серіктесі саналады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі $2,5 млрд құрады. Олжас Бектенов сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өзара инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан мен Өзбекстанның барлық бағытта бірлескен жұмысының келешегі зор. Бұған, ең алдымен, мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Астанада өткен бизнес-форум аясында қол қойылған $7 млрд көлеміндегі инвестициялық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі кездесу жаңа ірі жобаларды жүзеге асырудың бастауы болып, бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты экономикалық дамуына зор үлес қосатытына сенімдімін», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мұнай-химия, металлургия, автомобиль, индустриалдық, азық-түлік, химия және фармацевтика салаларында үлкен экспорттық әлеует бар. Қазақстан Өзбекстанға жалпы қосылған құны жоғары қазақстандық тауарлардың 40 түрі бойынша құны $550 млн-нан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын.
Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың басым бағыты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту болып отырғанын атап өтті.
«Соңғы 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсіп, өткен жылы $4,4 млрд-қа жетті. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Шекаралас өңірлер бір-бірімен – Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент Түркістан облысымен, Науаи Қызылорда облысымен тікелей әрі тығыз байланыс орнатқан. Біздің басқа аймақтарымыз да байланыстарды дәйекті түрде нығайтып, сауда-саттық және өнеркәсіптік кооперацияны дамытып келеді. Бұл ретте әлі іске асырылмаған үлкен әлеует бар», – деп атап өтті Абдулла Арипов.
Форум барысында инвестиция көлемі $3,4 млрд-ты құрайтын 74 бірлескен жобаны іске асыруды және 14,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды. Оның ішінде Қазақстан аумағында 65 кәсіпорын ашу жоспарлануда, бұл елімізде 13,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы 4,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазақ-өзбек өнеркәсіптік кооперациясы ынтымақтастығына мысал ретінде Қостанайдағы Chevrolet Onix автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника шығаратын зауытты, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы тігін және жіп иіру-тоқу фабрикалары, Ангрендегі автоклавты газ-бетон өндірісі және басқа да өндіріс орындары жатады. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін бермек. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, кәсіпкерлер үшін салықтық, кедендік жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар қарастырылған.