Жұманғарин қазақстандықтардың уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты уәжіне жауап берді

Ол сондай-ақ регламент аясында петиция келіп түскені, ол қаралып, қабылданбағанын айтты.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты қазақстандықтардың уәжіне жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Үкімет қандай да бір шешім қабылдағанда, ол үшін міндетті түрде референдум өткізудің қажеті жоқ. Алқалық шешім бар. Бұл жағдайда (уақытты артақ жылжыту ) шешім қабылдағанға дейін қажетті зерттеулер жүргізілген. Шешім белгіленген тәртіпке сай қабылданды», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол регламент аясында петиция келіп түскені, ол қаралып, қабылданбағанын айтты.

«Қысқамерзімді перспективада қарастырғанда олардың айтқандарының көбі расталмады. Денсаулыққа зиян келетіні туралы уәж керісінше болып шықты. Екіншіден, электр энергиясын шамадан тыс тұтыну да расталмады. Ерте тұрып, ерте ұйықтауға тура келеді деген де уәж бар. Бірақ бұл субъективті санаттағы нәрсе», – деді ол Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.