Оралда белгісіз жыртқыш 100-ге жуық қойды қырып кеткен

Қойлардың тамағын тіліп, өкпесін суырып алған.

Оқиға 19 қазан күні түнгі сағат 3-те болған. Есенгелді Айтмұхамбетов Зашаған кентінде 150 бас қой бағып отырған шаруа. 24 жылға жуық баққан малымнан бір түнде айырылдым деп қамығады қала тұрғыны,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Бір түнде 100-ге жуық қойды қандай жыртқыш қырып кеткені белгісіз. Түнде тарсылдаған дыбыстан оянған малшы ештеңе көріп үлгермеген. Ертеңгісін ауладан жалпақ үлкен іздер көрдік дейді. Мал иесі өзі қаңғыбас иттерден көреді. "Қойға қасқыр шапқан болуы мүмкін бе?" деген сұрағымызға мал иесі бәрі мүмкін ғой деп жауап берді. 

– Қойлардың бәрінің тамағын тіліп кеткен. Тамақтарын тіліп, өкпесін суырып алған. Маған осы жағы түсініксіз болып тұр. Неге өкпесін суырып алғаны белгісіз? Қасқыр да болуы мүмкін, бірақ мен өзім бұралқы иттерден көремін. Оқиға орнында әкімдік өкілдері мен полиция жұмыс істеді. Бұл менің өмір бойына өсірген малым ғой. Осы малмен бала-шағамды асырап отырмын. Былайша айтқанда, 50 шақты адамның асы еді. Енді кімге барып, кімнен қалай көмек сұрарымды білмеймін, – дейді бізбен сұхбатасқан Есенгелді ағай. 

Біз Зашаған кенті әкімдігіне хабарластық. Зашаған кенті әкімінң орынбасары Нұрболат Абайұлы келтірілген шығынды өтеу мәселесімен біз айналыспаймыз деп қысқа жауап берді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.