Қызылорда облысынан Өзбекстанға баратын ақылы жол салу керек – Мархабат Жайымбетов

Бүгінгі Мәжіліс отырысында "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық тығыз қарым-қатынас жаңа кезеңде өрбу керегін сөз етті.

– Ежелден еншілес, тарихы тамырлас екі ел –  Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық тығыз қарым-қатынас жаңа кезеңде өрбуде. Бүгінде  екі ел арасындағы сауда және тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді.  Осыған орай, Өзбекстанға төте жолмен баруға Қызылорда облысынан ақылы автомобиль жолын салудың маңыздылығы мен қажеттілігі күн сайын артуда. Оған бірнеше фактор бар:

Бірінші. Ауылшаруашылық және өнеркәсіп өнімдерін тасымалдауға дұрыс бағыт болса, ол туризмнің де дамуына әсер етеді. Онда Өзбекстанның Бұқара, Самарқан қалаларына келген туристер сапарын Қызылордадағы Қорқыт бабамыздан бастап, Ұлытау облыстарына дейін жалғастыруға мүмкіндік алады. Осылайша, бұл өңір туризмін дамытуға оң серпіліс бере алатын халықаралық жол болады. Ал Ұлытау өңірінің туристік әлеуеті өте жоғары. 

Екінші. Алдағы уақытта «Қызылорда-Жезқазған» трассасы арқылы Астана қаласына тікелей жол қатынасы ашылып, Ресей Федерациясына шығуға мүмкіндік береді. Республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолынан бастау алып, Қызылорда қаласы арқылы Өзбекстан Республикасының «Көкаяз» елді мекеніне дейін, ұзындығы 179 шақырым, 2 жолақты, қозғалыс бөлігінің ені 9 метр құрайтын ІІ санаттағы автомобиль жолы түседі.

Үшінші. Осы автомобиль жолының құрылысы іске асырылған жағдайда екі ел арасындағы автокөлік қатынасындағы арақашықтық шамамен 1 330 шақырым (Қызылорда қаласынан есептегенде) қысқарып, сауда айналымының көлемі бірнеше есе  өсетін болады. Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере келе, «Үшқұдық (ӨР) – Қызылорда (ҚР)» бағыты бойынша автомобиль жолын салу жобасын кезек күттірмей бастау қажет, –  дейді депутат.