Бір топ депутат еліміздегі карьердің проблемасын көтерді

"AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Жетібай, Шетпе, Майқайың, Сәтбаев, Хромтау, Іргелі және басқа да кенттердің айналасындағы экологиялық және техногендік проблемаларын көтеріп, сол жердегі тұрғындардың жанайқайын жеткізді.

Олардың мәліметінше, елімізде жалпы жұмыс істейтін карьер саны – 4 784. Жұмыс істемей тұрғаны – 1 371. Рекультивациядан өткендері – 610, ал рекультивация жүргізілмеген карьерлер – 694. 

–  Бірінші. Елді мекендердің айналасын дамытуды айтпағанда, жер бедері эрозияға ұшырап, карьерлерден тараған шаң-топырақ ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отыр. Жалпы, еліміздегі  карьерлердің территориясы – 224 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл Францияның тең жарты территориясына пара-пар аумақ. 

Екінші. Еліміздегі карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары тіпті сақталмай отыр. Мысалы, 2018 жылы «Алтынтау Көкшетау» және 2021 жылы Қостанай облысындағы «Качарский» карьерлерінде массивтің опырылу салдарынан екі адам қаза тапты. Шахтинск қаласының маңындағы карьердің кесірінен облыстық маңызы бар жол бұзылған және әлі күнге дейін жөнделмеген.

Үшінші. Көптеген кәсіпорын  пайданы тауып, карьерлерді ашық-шашық күйінде тастап, рекультивация жұмыстарын мемлекеттің  мойнына іліп кеткен. Оған дәлел – Маңғыстаудағы Жетібай кентінің айналасындағы ұлу-тас карьерлері. Сонда заңмен қаралған рекультивация жасау үшін қаржы жинақтайтын тарату қорындағы қаржы неге кезінде жинақталмады? Тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселелені неге қадағаламаған? 

Төртінші. Карьерлердің тастарын мөлшерден тыс тиеген ауыр көліктер асфальт жолдарға залал келтіріп отыр. Бюджеттің миллиардтаған қаржысына салынған жап-жаңа жолдар мерзімінен бұрын істен шығуда. Көлік инспекциясы неге оларды тәртіпке салмайды?

Бесінші. Маңғыстау облысындағы Шетпе кентінің жанында орналасқан 30-ға жуық қиыршық тас шығаратын карьерлер Қаратауды үлкен қуатпен жаруда. Соның салдарынан ойдағы кенттің үстін бірнеше жыл шаң басуда. Үйлердің қабырғалары жарылған. Бұрынғы бұлақтардың көзі жабылған. Бұл мәселе халық арасында наразылық тудыруда.

Президент осы мәселені реттеңдер деп 2022 жылы тапсырма берген, бірақ нәтиже жоқ. Сонда жергілікті кәсіпкерлерге управа жоқ па? Әлде жергілікті құзырлы және құқық қорғау органдары оларды қорғаштап, әдейі көрмей отыр ма?  2017 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер еніп, кеңінен таралған кендік емес қатты қазба байлықтарды игеруге қатысты құзіреттер жергілікті атқарушы билікке берілді. Соның салдарынан қазір өңірде әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға не өкілеттік, не маман жоқ?! Яғни, жер қойнауын игерушілердің беретін есептері мен мәліметтерінің сенімділігі күмәнді. Сондай-ақ  минералдық-шикізат базасының жай-күйі, мемлекеттік есепке алудың шынайылығы үлкен сұрақ тудырып отыр. 

Тіпті, заңнамаларға өзгерістер еніп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан қатты қазба байлықтарды барлауға 60-тан астам рұқсат берілген. Бізге таза экожүйе маңызды ма, әлде олигархтарды байыту маңызды ма? Сонымен қатар  сол кездегі кодекске енген өзгерістер Геология комитетінің құзіретін шектеп тастаған. Мысалы:

- зерттеу (обследование) және жою (ликвидация) актiлерiн қабылдау жөнiндегi комиссия құрамына өңiраралық департаменттердiң қызметкерлерi кіргізілмейді;

- «тау-кен жұмыстары жоспарын» бекіту өкілеттілігі алынған. Жоспарды жер қойнауын пайдаланушының өзі әзірлейді және бекітеді. Яғни, жер қойнауын игерудің әдістері мен технологиялық шешімдер мемлекет назарынан тыс қалып отыр, – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттар Қазақстанның кең даласын одан әрі шұрық-тесікке айналдырмас үшін, Үкімет келесі шараларды тез арада қолға алуы тиіс:

1. Геология комитетінің өңіраралық департаменттеріне жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды мемлекет тарапынан бақылау құзіреті қайта берілсін. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдаланудың бірыңғай Ережелері жасақталсын;

2. Ерекше қорғалатын аумақтарда барлауға берілген рұқсаттарға қатысты нақты шешімдер қабылдансын;

3. Карьерлер рекультивациясының Жол картасы жасақталсын. Кен игерушілердің тарату қорына қаржы аударылуы тексеріліп,  рекультивация жұмыстары қатаң бақылауға алынсын. Иесіз карьерлерге қатысты жүйелі шешімдер қабылдансын;

4. Карьерлерде таза технологиялар мен әдістер енгізілсін. Маңғыстау облысындағы Шетпе кентінің айналасындағы карьерлерде жаңа әдістер енгізілгенге дейін жарылыстар тоқтатылсын немесе карьерлер алысқа көшірілсін. Талаптарды орындамаған жер қойнауын пайдаланушының операциясы заң аясында тоқтатылсын; 

5. Елді мекен шетінен кемі 10 шақырым радиуста жаңа карьерлерді ашу тоқтатылсын.