Астанада Республика күніне орай қаламгерлер арасында бильярдтан турнир өтеді

Бұл турнир биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

25 қазан – Республика күніне және Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығына орай Elorda Aqparat медиасеріктестігінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирі өтеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған сайыс биыл үшінші рет  ұйымдастырылып отыр. 

Турнирдің мақсаты – Республика күні мерекесін ұлықтау, астаналық қаламгерлер мен журналистер арасында зиялы орта мен сұхбат алаңын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау.  

Турнирге жылдағыдай Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы бастаған елімізге танымал ақын-жазушылар, Парламент, мәслихат депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз хатшылары және тағы басқалар қатысады. 

Былтыр турнирдің ашылуына Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қатысқан болатын.

Жеңімпаздарға арналған негізгі жүлде қорынан бөлек, үздік ойын көрсеткен қатысушыларға «Мәдениетті ойыншы», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы», «Үздік дуплет» аталымдары бойынша арнаулы сыйлықтар қарастырылған. 

Жарыс 25 қазан күні сағат 10.00-де басталады.

Турнир Қ.Мұңайтпасов көшесі, 3 мекенжайында орналасқан Zodiak ойын-сауық кешенінде өтеді.

Елордалық қаламгерлер арасындағы бұл жарыс алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылған еді.