"Қаза тапқандар бар": Түркия астанасы Анкарада теракт болды

Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеме жасады.

Түркияның астанасы Анкара қаласында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын TUSAŞ корпорациясы ғимаратының жанында теракт болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

IHA агенттігінің мәліметінше, бүгін, 23 қазанда Анкараның Кахраманказан ауданындағы Түрік аэроғарыш өнеркәсібі (TAI) нысандарына лаңкестік әрекет жасалды. Объект алдында атыс пен жарылыстар естілген.

Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеме жасады.

– Анкараның Кахраманказан нысандарына теракт жасалды. Өкінішке қарай, құрбан болғандар мен жараланғандар бар. Алла рахымына алсын, – деді министр. 

Мәлімдемеде құрбандар мен жараланғандардың нақты саны айтылмады. 

Лаңкестік әрекеттен кейін оқиға орнына жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі және қауіпсіздік тобы келген.