Әндері өте әдемі: Ұлықпан Жолдасов блогер-әншінің шығармашылығы туралы айтты

Белгілі композитор Ұлықпан Жолдасов желі арқылы көпшілікке танылған әнші Мұрат Әбділданың шығармашылығын қолдады.

Сазгер желі жұлдызының талантты екенін мойындап, әндеріне оң баға берді, деп жазады Aikyn.kz.

“Мұрат інім маған осылай ән салып жіберді. Әні де, сөзі де қатты ұнады. Cover show жобасында "Шағала" әнінің сөзін өзгертіп айтқанмын. Бұл ән маған біраз көмек болды. Содан мен де Мұрат үйіне аман-есен оралып жатса, бір-бірімізді тауып алып, үш әннің аранжировкасын түгел жасап беремін деп өзіме уәде бергенмін”, – деді сазгер. 

Одан кейін әуесқой әншінің шығармашылығына оң баға беріп, болашақта қолдау білдіретінін жеткізді. 

“Жалпы Мұраттың шығармашылығы әдемі. Әнін де, сөзін де өзі жазады. Сөзіне біраз ақын мін айтуы мүмкін, бірақ қарапайым халыққа жақсы өтетіндей сөздер жазған. Әні де тым жақсы, біздің ойымызға келмейтін ән жазып жүр. Мен өзім де ән шығарамын ғой, бірақ әндері өте әдемі. Өзі мықты әнші болмаса да, өз әнін мықты жеткізіп береді. Сәттілік тілейміз. Мұрат, алға", – деді мәдениет қайраткері.