Көк байрақ Нью-Йоркте желбіреді

Бұл салтанатты іс-шара әйгілі Уолл-Стритте Республика күніне орай ұйымдастырылған. Ту көтеру рәсіміне Нью-Йорк мэриясы, қаладағы қазақ диаспорасы, бірқатар шет мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығы қатысты.

Алаңға АҚШ-тағы Димаштың жанкүйерлері де келген. Қала мэрі Эрик Адамс жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтті.

«Ту халқымыз үшін әрқашанда бірлік пен ерліктің символы болып қала береді. Біз АҚШ-тағы әріптестерімізбен бірге осындай шара өткізіп, ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз», – деді Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тілеулин.

Ал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы жанкүйері Тная Янг біздің елімізді қонақжай халық ретінде таниды.

«Мен Димаштың концерті үшін Қазақстанға барған едім. Үлкен мега-концерт болды. Барша жанкүйерлерге ұнады. Қазақстан – сондай қонақ­жай ел. Барша қазақстандықтарды және Димашты мерекемен құттықтаймын!» – деді ол.