Шымкентте патриоттар форумы өтті

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге арналған «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысты. Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған форум аясында мемлекеттік рәміздерге арналған көрме өткізілді. Мерекелік жиын Мемлекеттік Ту мен Әнұранды ұлықтаумен ашылды.

Шараның ашылуында сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құ­ранбек рәміздерге деген құрмет еге­мен­діктің белгісі екенін атап өтті. 

«Елі­міздің егемендігі жөніндегі декларация қабылданған 25 қазан – Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігінің бастауына айналған күн. Мемлекет бас­­­­­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған бұл мереке мемлекеттің тұтастығы мен халқымыз­дың ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуде, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Рәміздер күнінде басталып, Республика күнінің қарсаңында қортындыланғалы отырған «Көк Тудың желбірегені» патриоттар форумы да осы мақсатпен керемет үйле­­сім тауып отыр», – деді Сәрсен Абайұлы. 

Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құр­­мет тұту – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз екенін, мемлекеттік рә­міздер – еліміздің егемендігі мен бір­­тұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар болатынын жеткізді. 

Форум барысында Тәуелсіздік құн­дылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы отансүйгіштік, пат­риоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен ұйымдас­тырылған «Үздік пост», «Үздік ролик», «Үздік іс-шара» байқауының жеңімпаздары марапатталды. 

«Үздік іс-шара» номинациясы бойынша бас жүлде – Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясына бұйырды. Мектеп оқушылары әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған бейнеролик дайындап, жо­баға зор үлес қосқанын атап өту керек. Мектеп директоры Ақмарал Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл іс-шара – қатысушылардың арасында ғана емес, қала, тіпті республика көлемінде танылған жоба.

Форум соңында Шымкент опера және балет театры мен «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары мерекелік концерт қойып, мерекелік ша­­раны ерекше көңіл күймен аяқтады.

Назгүл НАЗАРБЕК