«Қазақ тілі» қоғамы АҚШ-тағы кітапханаға кітап табыстады

25 қазан Республика күніне орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі әлемдегі ең үлкен кітапхана саналатын – АҚШ Конгресі кітапханасының қорына қазақ тілі, руханияты мен мәдениеті үшін аса маңызды бірқатар кітап тапсырды.

25 қазан Республика күніне орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі әлемдегі ең үлкен кітапхана саналатын – АҚШ Конгресі кітапханасының қорына қазақ тілі, руханияты мен мәдениеті үшін аса маңызды бірқатар кітап тапсырды.

 Атап айтқанда, Конгресс кітапханасының қорына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындап, шығарған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі, ағылшын тіліндегі Абай шығармаларының жинағы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындап шығарған «Ұлы дала ойындары» және «Қазақтың отбасы фольклоры» деп аталатын еңбектер қосылды. Бұған дейін Конгресс кітапханасына ағылшын тілінде шыққан «Қазіргі қазақ прозасы» және «Қазіргі қазақ поэзиясы» атты антологиялары тапсырылған еді. Бұл шара – АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен қолға алынған жыл сайынғы дәстүр.  

22 қазанда Вашинтондағы Джорджтаун университетінде қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ Oxford Qazaq Dictionary сөздігі таныстырылды. Джорджтаун университетінің Еуразия аймағын зерттеуге мамандаған CERES орталығының бастамасымен сөздікті таныстыру ғылыми семинар үлгісінде өтіп, Қазақстандағы тіл, мәдениет және ұлттық бірегейлік тақырыбына арналды.

Шараға Джорджтаун университетінің профессоры, CERES орталығының директоры, тарихшы Майкл Дэвид-Фокс, Мэриленд университетінің профессоры, қазақ тілінде «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» деген атпен шыққан танымал зерттеудің авторы Сара Кэмерон, Freedom Holding Corp. Директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Келімбетов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, сондай-ақ университет ғалымдары, оқытушылар мен  студенттер қатысты.

Таныстырылымға жиналған мамандар бұл сөздіктің қазақ тілін, мәдениетін, тарихы мен әдебиетін зерттеушілер үшін аса маңызды жаңалық екендігін айтты. Шараға қатысқан ғалымдарға, университет кітапханасына сөздіктер табысталды. Бұған дейін, 2020 жылы қазақ тілі, мәдениеті мен әдебиетін ағылшын тілді ортаға кеңінен таныстыру, насихаттау үшін Дж. Вашингтон университеті қабырғасында Абай орталығы құрылған болатын.

Oxford Qazaq Dictionary сөздігін әзірлеуде дүниежүзіне танымал Oxford университеті баспасының сөздік құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік құрастыру жұмысы 4 жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі маман атсалысты. Екі тілді сөздік 60 мыңнан аса сөзді қамтиды. Басылым 1300 беттен тұрады. Қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша Oxford сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады.

Сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылды. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік берді.

 Сөздік Freedom Holding Corp. қолдауымен 10 000 дана таралыммен басылды.

Freedom Holding Corp. – еншіліс Freedom компаниясы арқылы қаржы қызметтері, брокерлік операциялар, инвестиция бойынша кеңес беру, бағалы қағаздар саудасы, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтерді жүзеге асыратын холдинг. Холдинг негізін қалаушы – Тимур Турлов. Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер.

Сөздік Қазақстандағы оқу орындарының кітапханаларына тегін таратылды. Жергілікті кітап дүкендерінде сатылымға шықты.