Ұстаздың қызын соққыға жыққандар жазасын алуы тиіс
Ұстаздың қызын соққыға жыққандар жазасын алуы тиіс
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 8 наурыз күні ҚР Еңбек сіңірген ұстаз Тамара Шакированың қызын қоғам белсендісі Санавар Закирова соққыға жыққан болатын. Бұл кезде Тамара Мұхтарханқызы үйінде болмаған. Үйде жалғыз болған 39 жасар қызы есік қоңырауына жауап бергенде, оны сот шешімін орындаушылармыз деп алдап сыртқа шақырады. Алдымен Тамара Шакированы балағаттап, сосын оны тоқтатпақ болған қызын басынан ұялы телефонмен ұрып, жерге құлатып, басын мұзға бірнеше рет соққан. Шашынан жұлған. Күтпеген соққыдан есінен танып қалған ол ауруханадан бір-ақ шыққан. Бұл әрекет қоғамда біраз дүрбелең туғызды. Тамара Шакированы жақсы танитын әріптестері мен қоғам белсенділері тосын жағдайға өз ойларын білдірді. Гүлнара Қарамендинова, «Жаңа мектеп» мектебінің директоры: – Тамара Шакированың қызының басынан өткен өте сорақы жағдай. Оны анасының қоғамдық жұмыстары үшін соққыға жыққан. Бұл жағдай Алматы қаласы мұғалімдері арасында тосын естілді. Біз Тамара Шакированы адам ретінде, қаламыздың білім саласы дамуына еңбегі сіңген ұстаз ретінде  жақсы танимыз. Менің бағыма қарай ол кісімен бірге жұмыс істедім. Табанды, неге болса да бей-жай қарамайтын адамдық қасиетімен ол кісінің біз сияқты жас ұстаздарға үйреткені көп болды. Ал мұндай жандарға үнемі қолайлы жағдай бола бермейді. Тамара Шакирова бүгінде мұғалімдердің мәртебесі жайлы мәселе көтеріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Жетісу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы, «Nur Otan» партиясының мүшесі. Оның педагогикалық тәжірибесі мол, адамдармен қалай тіл табысу керектігін біледі. Қоғамда мұғалімдер мәртебесін арттыруға үлкен еңбек сіңіріп келеді. Cанавар Закированың тосын әрекеті тек Шакированы ғана емес, барлық ұстаздар қауымын қорлау деп түсінем. Жанат Мұрынова, Алматы қалалық әкімдігі жанындағы Әйелдер ісі жөніндегі комиссияның мүшесі: – Тамара Мұхтарханқызымен ұзақ уақыттан бері таныспыз. Ол тек мұғалім, Алматы қаласына танымал тұлға ғана емес, өте абыройлы жан. Ол кісінің қызының басынан өткен оқиға бәрімізді әрі-сәрі күйге түсірді. Оның үйіне, аумағына келіп, жалғыз қызына қол көтеріп, соққыға жыққан адам өз жазасын алуы тиіс. Ол тек заң алдында ғана емес, БАҚ арқылы Тамара Мұхтарханқызынан, оның қызынан, тіпті немересінен кешірім сұрауы тиіс. Өйткені ол өз өмірінде үлкен соққы алды. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Тамара Мұхтарханқызына қазір өте қиын. Ең бастысы оның қызы тезірек аяғынан тұрып, сауығып кетсін. Дәл мереке күні оның мекен-жайын тауып, үйіне келіп, осындай әрекетке баруға Санавар Закированың қандай құқы бар? Оның қызы мереке күні осындай арам оймен үйіне біреулер келетінін ойлаған жоқ және ойланбастан есікті ашты. Бұл біздің демократиялық қоғамға тән емес әрекет. Тамара Мұхтарханқызы тек қалада емес, бүкіл республикада беделі жоғары әйелдердің бірі. Роза Бадаева, ҚР Білім беру саласының үздігі, Алматы менеджмент және сервис колледжінің директоры: – Тамара Мұхтарханқызының басынан өткен жағдай маған қатты әсер етті. Дәл мереке күні үйіне келіп, қызын соққының астына алу – не деген сұмдық! Біздің құқық қорғау органдарымыз тиісті шараларды қолданып, осы жағдайға сеп болғандарды жазалайды деп ойлаймын. Елімізде ешқандай зорлық-зомбылық болмауы тиіс. Әсіресе, мұндай әрекет әйелдерге қатысты болмауы керек. Тамара Мұхтарханқызына қызының тезірек сауығып кетуін тілейміз. Мұндай жағдай енді қайталанбасын. Тамара Шакирова еліміздің оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар аянбай тер төкті. Оның басына түскен жағдай бізді бей-жай қалдырмады. Біз сізбен біргеміз! Сізді әрқашан қолдауға дайынбыз. Осындай бұзақылық жасаған Санавар Закирова тиісті жазасын алсын. Мұғалім мәртебесін көтеру туралы қоғамда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде мынадай жағдайдың орын алғаны өкінішті. Құқық қорғау органдары тез арада тиісті шара қолданатынына сенемін. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ